Біздің филиалдар

"Өрлеу" бос жұмыс орындары

Елбасы Жолдауы—«Өрлеу» институтында қолдау тапты

27.02.2014 pdf_icon 866 pdf_iconPDF ВЕРСИЯСЫН - КӨШІРУ

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты  У.Қ. Бишімбаевтың қатысуымен өткен жиналыста  Жолдаудан туындайтын міндеттер талқыланды

 «Өрлеу»  БАҰО» АҚ-ның  филиалы ОҚО  бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты  Уәлихан Қозыкеұлы Бишімбаевтың қатысуымен Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың  «Қазақстан жолы-- 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауын кеңінен насихаттау мақсатында үлкен  жиналыс өткізілді. Алдымен Парламенті Мәжілісінің депутаты  У. Бишімбаев институттың басқару мен білім берудің сапасы кафедрасының аға оқытушысы Г. Батькаева дәріс өткізіп жатқан аудиториядағы шағын жинақты мектеп директорларымен пікірлесті. Елбасының Жолдауын насихаттауға арналған жиналысты «Өрлеу»  БАҰО» АҚ-ның  филиалы ОҚО  бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Л.Т.Искакова жүргізіп отырды.

Облысымыздың аудандары мен қалаларынан біліктілік арттыруға келген тыңдаушы- педагогтардың алдында депутат Уәлихан Қозыкеұлы  Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы Жолдауы – Егемен еліміздің тұрақты дамуын қамтитын, мемлекеттің барлық саласына серпін беретін, халқымыздың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған шынайы жоспарға құрылған тарихи құжат екендігін атап өтті. Жолдауда  білім беру саласын қаржыландыруға жылдан-жылға  ерекше маңыз беріліп жатқандығын, осы мақсатпен  таяудағы үш жыл ішінде 2017 жылға дейін  мектептердегі орын жетіспеушілікті жойып, үш ауысымдағы және апатты мектептердің орнына, қажетті жерлердегі барлық  мектептерді екі ауысыммен оқытуға көшіруге мемлекет тарапынан  нақты жұмыстар атқарылатындығын атап өтті. Депутат бүгінгі жас ұрпақты мектеп  қабырғасынан бастап жаратылыстану пәндерін ерекше зеінмен  оқытуға, әсіресе, химия, физика, математика сабақтарын жетік білумен бірге, оларды  жаңалық ашуға бейімдеуіміз керек--деді. Себебі индустриялық-инновациялық дамуға ілесіп, білек сыбанып жұмысқа  кірісетін  болашақ мамандар бүгінгі мектеп партасында отырған оқушылар екендігін еске салды. Бұл үшін кәсіптік -- техникалық колледждерде оқушыларды  дуальді оқытуға көшірудің маңызы ерекше.  Себебі, оқушы колледждегі алған теориялық білімін   кәсіпорында  тікелей  тәжірибеде сынап көре алады. Алайда оқытудың бұл әдісін іске асырудың тетіктері, яғни мемлекет пен жеке меншік кәсіпорындар арасындағы үйлесімді жұмыс заңнамада бекітілмегендіктен, дуальді оқыту еліміздің кейбір облыс орталықтарында болмаса  толық қолданысқа енгізілген жоқ. Халық қалаулысы У.Бишімбаев Жолдауда осы олқылықтар ескерілгендігін, таяудағы 2-3 жылда дуальдік, техникалық және кәсіптік білім беру жақсарып, келешек жастардың техникалық білім алуын мемлекеттік кепілдендіруге  қажетті іс-шаралар қабылданатынын хабарлады.  Сондай-ақ  жолдауды талқылауға арналған  жиналысқа қатысып сөз алған  Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, облыстық корей этно-мәдени орталығының басқарма мүшесі,   №45 гимназия мектебінің директоры Роза Викторовна Пак Елбасының Қазақстан экономикасын қиын кезеңнен аман алып шығып, оның қанақжай  халқын әлемге танытуда және ЕҚЫҰ-ның саммитін өткізудегі ерен еңбегін туралы төгіліп тұрып әңгімеледі. 

 

Ал Кентау қаласының С.Қожанов атындағы жалпы орта мектебінің директоры Ұ. Мусаханова Елбасының биылғы жолдауы әрбір отандасымыздың жүрегінде өз еліне деген шексіз мақтаныш сезімін тудырып, еліміздегі барлық саланы қамтитын және үздіксіз өсуді қамтамасыз етудің  жоспары мен жаңғыру жолын белгілеген  маңызды құжат екендігін атап өтсе, «Өрлеу» Біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы» АҚ  ОҚО бойынша филиалы директорының оқу-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Ш.Н.Ергешбаева  Жолдаудан туындайты міндеттер туралы және «Өрлеу» институтында педагогтарды заманауи бағдарлама бойынша біліктілігін арттыратын ауқымды істерді тілге тиек етті.

 

Жиналыс  ашық өтіп, залға қойылған микрофоннан бірнеше ұстаздар сұрақтар қойды. Облыстық ата-аналар комитетінің төрағасы, «Ұстаз нұры информ» газетінің бас редакторы  Ә.Бейсе мұғалім деген қастерлі мамандықтың  мәртебесі--статусы әлі күнге дейін толық нақтыланбағаны, соның салдарынан мұғалімдердің жалақысы  төмен екендігі, оларды түрлі  іс—шараларды өткізуге, көше аралап тізім жасаудан бастап,   тас жолдарды сыпырып, қоқыс тазалауға да мәжбүрлейтіндігі туралы айтып өтті. Мектептерде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықты азайту мен тексерулерді шектеу мақсатында осыдан бірнеше жыл бұрын Оңтүстік Қазақстан облысындағы жақсы іс-шара-- мектептеріндегі есеп-қисап жұмысы  орталықтандырылып, аудандық -қалалық білім бөлімдеріне жүктелген болатын. Алайда, мектептерді қаржылық бақылау, қаржы полициясы, прокуратура, санитарлық эпидемиялогиялық  қадағалаушы  органдар тарапынан тексерулер әлі күнге дейін  тиылмай,  мектеп педагогтарының  жұмысына кедергі келтіріп отырғаны айтылды. Жиында ұстаз болсам деген талапты жастарға  шетелдегідей биік талаптар қойылып, педагогтарды даярлайтын жоғары оқу орындарына  ҰБТ қорытындысымен оқуға түсетін түлектерді қабылдаудың ережелеріне өзгерістер енгізу, сондай-ақ мектепте ұстаздық  етпейтін талапкерлерді сыртқы бөлімде оқуға тиым салу мәселесі төңірегінде сөз қозғалды. Сондай-ақ, мектеп оқушылары тапсыратын ҰБТ  төңірегінде сұрақтар қойылып, мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытатын арнайы дефектолог мамандарды қайта даярлайтын курстар ашылса деген ұсыныс берілді. Депутат У. Бишімбаев  жоғарыда аталған ұсыныс-пікірлерді мұқият жазып алып.  өзі мүшесі болып табылатын ҚР Парламенті Мәжілісінің әлеуметтік -мәдени даму комитетінің отырыстарында және Үкімет сағатына қатысатын ҚР Білім министрі А.Саринжиповқа  мәселе етіп көтеріп  жүргендігін, бұдан кейін де  бақылауға алтынын және осы мәселелерді облыс прокурорының және  ЭҚСЖқК Агенттігі ОҚО бойынша басқармасы бастығының қабылдауларында болып  арнайы  жеткізетіндігін айтып өтті.