24 тамыз күні «Атамекен» өнер ордасында «Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиеттер» тақырыбында педагогтердің облыстық тамыз конференциясы өтті. Конференцияға БҚО әкімі міндетін атқарушы Арман Утегулов, БҚО білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бұлбұл Күзембаева, «Батыс Қазақстан облысы бойынша кәсіби даму институтының директоры Софья Измуханбетова, аудандық, қалалық білім бөлімінің басшылары, педагогтер қатысты.
Конференцияны БҚО Білім басқармасының басшысы міндетін атқарушы Светлана Темірғалиева ашып, қатысушыларға алғысын білдірді.
Дәстүрлі тамыз конференциясында сөз алған облыс әкімі міндетін атқарушы Арман Утегулов ұстаздар қауымын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, олардың жұмыстарына сәттілік тіледі.
Жиында білім беру жүйесіне енгізіліп жатқан өзгерістер мен жаңа оқу жылы алдындағы бірқатар мәселелер, өткен оқу жылындағы жетістіктер сараланды.
Өз кезегінде сөз алған Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, педагог-шебер Гүлзихан Тасқарина мен жас маман Ғалия Жулкашева тәлімгер мен жас ұстаз арасындағы керемет диалогтің үлгісін көрсетті. STEM Аcademia компаниясының академиялық директоры Мағжан Қыстаубаев болса, дәстүрлі білім мен заманауи білім берудегі өзгерістерді салыстыра отырып, қызықты баяндама жасады. БҚО ата-аналар комитетінің мүшесі Айболат Қожанғалиев отбасындағы тәрбие мен заманауи құндылықтарды өз отбасындағы тәрбие негізінде көрсетіп, мазмұнды ой айтты. Орал Сервис технологиялар колледжінің директоры Айгүл Исқалиева қазіргі кездегі кәсіби білімді еңбекпен ұштастыра меңгерту тәжірибесімен бөлісті.
Салтанатты жиын соңында білікті ұстаздар марапатталып, концерттік бағдарламаға ұласты.