Өткен аптада Өрлеу-Алматы Кәсіби даму институтының кафедра меңгерушісі, тренер Жанар Ибраеваның жетекшілігімен Қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәні мұғалімдеріне арналған пәндік құзыреттіліктерін дамыту курсы сәтті аяқталды.
Курстың тақырыптық жоспарына сәйкес Lesson Study технологиясын тиімді қолдану әдістері туралы дәріс оқылды. Сонымен қатар, қиын тақырыптар бойынша тәжірибелік сабақтар өткізілді.
Сабақ барысында, айтулы бағдарламаны әзірлеу үшін пән мұғалімдері арасында өткізілген фокус топ жиынына белсенділікпен қатысып, қазақ тіл білімі салалары мен әдеби тіл нормаларын оқытудың ерекшеліктері бойынша тиімді ұсыныстар жасаған шебер-педагог Мейрамгүл Нүсіпбекова «Зерттеу сабағы (Lesson Study). Табысты сабақ нышандары» тақырыбында курс тыңдаушыларымен онлайн форматта шебер-сынып өткізді.
Шебер-педагог Мейрамгүл Нүсіпбекова «Зерттеуге дайындық кезеңдері», «Зерттеу сабағы не береді?» деген сауалдарды жан-жақты талқылап, тәжірибесімен бөлісті. Курс тыңдаушыларының алған білімін тәжірибемен ұштастыру мақсатында өткен шебер сыныптан қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәні мұғалімдері тиімді кеңес, пайдалы мәліметтермен бөліскені үшін ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.
Осы тақырыптың өзектілігін ескере отырып, мұғалімдердің курстан алған білімдерін пысықтау мақсатында Жанар Ибраева «Курстан кейінгі мұғалімді қолдау: Lesson Study 5 кезеңін жүзеге асыру» тақырыбында вебинар өткізді.
Вебинар барысында Жанар Мухаметқалиқызы Lesson Study-ді жүргізудің әрбір кезеңінің мақсаты мен нәтижесін түсіндірді.
Атап айтсақ, оқушыны зерттеу арқылы – олардың қиындықтарын анықтап, оларды жеңуге жағдай жасау, сабақ оқуға қызығушылығын, өзіне деген сенімін арттыру мүмкіндіктерін атап өтті. Сабақты жоспарлау, бақылау және талқылау сызбасымен таныстырып, кесте бойынша жұмыс неғұрлым тыңғылықты жүргізілсе, нәтиже жоғары болатындығы туралы жан-жақты баяндады.