Үстіміздегі жылдың маусым айында Жамбыл облысы бойынша Кәсіби даму институтының аға оқытушысы Андия Беисенкулова Мойынқұм ауылындағы Жазылбек Қуанышбаев атындағы мұражайда «Тарих беттерінен» бөлімі аясында көшпелі тәжірибелік сабақ ұйымдастырды. Тыңдаушылар мұражайда ауданның өткені мен бүгінінен сыр шертетін 6530 жәдігерді көріп, ондағы Жаз-атаның бейнесімен, өмір жолы және өлкенің тарихи тұлғаларымен танысты. Сабақ барысында педагогтер суретші Заңғар Медетбековтің қолынан шыққан Жаз-атаның жайлаудағы бейнесі, Қазақ хандығының қазығын қаққан Жәнібек пен Керей хандардың ат үстіндегі болмыстары, табиғат диаграммасы мен «Жайлаудағы той» туындылары туралы құнды мағлұматтар мен тарихи ерекшеліктерді зерделеді. Сонымен қатар, Көкірек руынан шыққан Биназар батыр туралы деректер, Қылышбай ақын туралы мағлұматтар және «Халық Қаһарманы» Қайрат Рысқұлбековтің ерлігі сомдалған құнды мәліметтермен танысты.
