23 сәуір күні Оралдағы «Өрлеу» институты мен облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығының ұйымдастыруымен облыстық кеңес өтті.
Аталмыш шараға институт қызметкерлері мен курс тыңдаушылары қатысты.
Іс-шараны институт директоры Софья Измуханбетова кіріспе сөзбен ашты. 21 ғасырдың індеті туралы, АИТВ-инфекциясының алдын алу және облыстағы эпидемиологиялық жағдай жөнінде аталмыш мекеменің директорының орынбасары Алмагүл Мантакова айтып өтті.
Білім беру мекемелері саласында АИТВ-ның алдын алу бойынша профилактикалық жұмыс, оның берілу жолдары мен клиникалық көріністері, сақтық шаралары туралы ақпараттарды дәрігер-эпидемиолог Эльвира Хафизова әңгімелеп берді. Жасөспірімдер арасындағы буллинг, құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша балалардың құқығын қорғау орталығының өкілі Жаннат Нурмагамбетова тоқталса, жасөспірімдердің құқықбұзушылықтарының алдын алу, синтетикалық препараттардың қауіптілігі, олардың таралу тәсілдері туралы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Эльмира Мырзабаева нақты мысалдармен тоқталып өтті.
Сондай-ақ жасөспірімдерді салауатты өмір салтына ынталандыру-комьюнити орталықтарының жұмысы жайында «Балауса» орталығының меңгерушісі, психолог Ақкүн Айжарықова әңгімелеп берді.
Шара барысында көтерілген тақырыптар бойынша қатысушылар әр мектепте мұғалімдер мен жоғары сынып оқушылары үшін АО ЖИТС орталығының мамандары семинар өткізсе деген ұсыныс айтылды.