Мектеп оқушыларының PISA халықаралық зерттеуіне дайындық сапасын қадағалау

Алматы қаласы білім басқармасымен «Өрлеу» филиалының бірлескен жұмыс жоспарына сәйкес «Мектеп оқушыларының PISA халықаралық зерттеуіне дайындық сапасын қадағалау» тақырыбында (5-қаңтарға жоспарланған) көшпелі семинар 26.02. 2022 ж. №5 мектеп-гимназия базасында өтті. Семинарға Алматының 8 ауданынан Алматы қаласының әдістемелік кабиненті ұсынған мектеп директорларының оқу-ісі бойынша орынбасарлары қатысты.

Алматы қаласындағы мектеп оқушыларының оқу іс-әрекетінің сапасын қадағалауда директор орынбасарларының құзыретін кеңейту арқылы PISA халықаралық зерттеуіне дайындық сапасын арттыруға, оқушылардың функционалдық сауаттылығының нәтижесін жақсартуды көздейтін  семинарда «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиал директорының орынбасары қызметін атқарған, п.ғ.к., доцент Халитова Ильдана Ильдархановна дәріс оқыды. «Оқушылардың функционалдық сауаттылығының құрамдас бөліктері», «Оқушылардың оқу іс-әрекетін ұйымдастыру мен оқыту сапасын бағалау критерийлерінің дескрипторлары», «Оқушылардың оқу іс-әрекетін ұйымдастыру мен оқыту сапасына мониторинг жасау үшін функционалдық сауаттылық деңгейлерінің шкаласын қалай пайдалану керек» атты тақырыптарына жан-жақты тоқталып, түсініктеме жасады. Сонымен қатар, мәтінмен жұмыс жүргізу үшін оқыту стратегияларын тиімді пайдалану, мәтіндегі ақпаратты түсіну, оны келесі адамға дұрыс жеткізу және бағалауға қатысты тапсырмалар орындау әдістемелерімен бөлісті.

Оқыту саласындағы бүгінгі күннің өзекті мәселелерін қарастырған семинарға қатысушылар да ерекше қызығушылық танытып, берілген тапсырмаларды жауапкершілікпен орындады, тәжірибе алмасты.

Семинар соңында, Ермұрат Берікұлы, Айнаш Ақылбековна, Асель Аяновна, Смагулов Айдос, Наргиз Карибаевна сынды әріптестер әрқашан мұғалімдерге қолдау көрсетуге ұмтылатын «Өрлеу» ұжымына және мазмұнды кеңес, тиімді әдістерімен бөліскен Халитова Ильдана Ильдархановнаға алғыс айтып, осындай іс-шаралар жиі-жиі  ұйымдастырылса – деген ұсыныс жасады.

П.Асылбек

Наши филиалы