Lesson study – педагогикалық әдістемені жетілдіруге бағытталған сабақты зерттеу әдісі

27 маусым күні Орал қаласы  №5 ЖОББМ-тің базасында «Өрлеу»-БҚО институты курс тыңдаушыларының қатысуымен «Lesson study – педагогикалық әдістемені жетілдіруге бағытталған сабақты зерттеу әдісі» тақырыбында облыстық семинар өтті. Курс тренері Оралдағы «Өрлеу» институтының аға оқытушысы Габдрахманова Бибигуль Демеуовна.

Аталмыш мектепте республикалық “Қамқорлық” қорының демеушілігімен психологиялық-педагогикалық орталық ашылған. Дефектолог, логопед, психолог, тьюторлар жұмыс жасайтын орталықта  жалпы мүмкіндігі шектеулі балалар білім алуда. Орталық материалдық-техникалық жағынан жан-жақты жабдықталып, оқу, демалыс, ойын  және жұмыс зоналары жұмыс жасап келеді. Арнайы орталықта білім алып жатқан бүлдіршіндердің жетістіктері бір төбе. Олар облыстық, қалалық байқаулардың жеңімпаздары атанып, Алғыс хаттармен марапатталған.  Сондай-ақ мектепте «Жасыл кабинет» деп аталған бөлмеде  демалыс бөлмесі жасақталып, гүлдер, демалатын орын,  аквариум, тасбақа, хомяк т.б. орын тепкен.  Аталған бөлмеге кез келген уақытта оқушы, мұғалім келіп демалуға мүмкіндік жасалған.

Сонымен қатар, орталықта мүмкіндігі шектеулі 10 баланың өз қолдарымен еккен гүлдері бар, олар өздері су құйып, баптайды. Мектепте қысы-жазы жұмыс жасап тұрған жылыжайда 500-дің үстінде гүлдің түрі бар, гүлдерге қарайтын кісі де бекітілген. Аталмыш жылыжайдың жанында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу жолға қойылған. “Қазақстан – қызғалдақтар Отаны” тақырыбындағы жоба облыстық, республикалық ғылыми жоба сайыстарын жеңіп алған.

          ҚР Білім және ғылым министрлігінің “Оқуға құштар мектеп” жобасы аясында сабақ кестесіне 20 минуттық кітап оқу енгізілген. Мектепте  директордан бастап мұғалімдер, оқушылар, кіші қызметкерлер  бәрі дерлік   кітап оқу күн тәртібінен түскен емес.

         Ең бастысы, Lesson study аясында сабақты зерттеу жұмысы дұрыс жолға қойылған, қағаз жүзінде емес, мектепте негізгі пәндер бойынша оқушылардың білім деңгейін көтеру және оқыту әдістемесін жетілдіру мақсатында зерттеу тәсілдері қолданылып оң нәтиже беруде.

Біліктілігін арттырып жүрген курс тыңдаушылары орталықтың директоры Бақытжанова Асем Самиголлаевна мен ұжым мүшелеріне  атқарып жатқан жұмыстарына алғыс айтып,  ризашылықтарын жеткізді.

Наши филиалы