Бірлесіп жұмыс жасауға келісім жасалды

01.02.2022 ж. «Өрлеу» Алматының кафедра меңгерушісі Жанар Ибраева, әдістемелік зертхана меңгерушісі Перуза Асылбек басшылықтың келісімі бойынша Алматы «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» қыз балалар лицей-интернаты оқу орнының басшыларымен кездесуге барды.

Қауіпсіздік шараларына сәйкес қоршалған ғимарат ауласындағы күзетші кімге баратынымызды сұрастырып, анықтап алған соң, ішке кіруге рұқсат берді. Мектеп табалдырығын аттағаннан-ақ, кездескен кісілердің жылы жүзбен сәлемдесуі, оқушылардың үлкенге жол беріп, дәліздерде қақтығыспай тәртіп сақтауы көңілге жағымды әсер қалдырды.

Бізді оқу ісі жөніндегі директордың орынбасары Мереева Гулназ ханым лицей директоры Тамер Гюр мырзаның қабылдау бөлмесіне бастап барды. Ортақ мақсат – оқушыға сапалы білім, саналы тәрбие беруді көздейтін қос мекеменің қызметкерлері келешекте бірлесіп атқаратын жұмыс бағдарымен танысып, бір-біріне әріптестік көмек көрсетуге дайын екендігін білдірді. Бірлесіп жұмыс жасауға келісім жасалып, меморандумға қол қойылды.

Сонымен қатар, үш тілді білім беру бағытында жоғары жетістіктермен ерекшеленген лицей мұғалімдері тиімді тәжірибелерімен бөлісу үшін офлайн, онлайн тәртібінде семинар, тренингтер ұйымдастырға дайын екенін білдірді.  Сонымен қатар лицей басшылығы тарапынан «Өрлеуге» мұғалімдерді біліктілікті арттыру курсына қатыстырып, кәсіби құзыреттіліктерін шыңдауға ұсыныс жасалды.

Әңгіме барысында Тамер Гюр мырза: «Ұстаздың кәсіби шеберлігін шыңдау бағытында ұйымдастырылатын іс-шаралар лицейдің оқу процесіне бөгет болмауы қажеттігін ескертіп отырды. Шәкіртінің кедергісіз білім алуын қамтамасыз етуді бірінші кезекке қоятын мекеменің Халықаралық, республикалық деңгейдегі жоба қорғау сайыстары мен олимпиядаға қатысқан оқушылары жүлделі орындарды иеленіп, таңдаулы жүз мектептің арасында 28 орынға шығуы мұндағы осындай талап пен тәртіптің нәтижесі болса керек.

 «Өрлеу» Алматы

Баспасөз қызметі

Наши филиалы