Тәжірибе алаңы – 2022: шығармашыл ұстаздардың шыңдалу алаңы

2022 жылдың 2 қаңтары күні «Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалының Қызылорда облыстық Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ комитетімен бірлескен шығармашылықпен жұмыс жасайтын мұғалімдердің дәстүрлі облыстық «Тәжірибе алаңының» кезекті жұмысы басталды.

Алаң жұмысына Қызылорда облысы бойынша білім ұйымдарынан 88 мұғалім қатысты.

Алаңның ашылу салтанатында сөз алған Облыстық кәсіподақ комитетінің төрайымы Гүлнар Есқалиева және алаң жұмысын ұйымдастырушы Серік Құсейінов бұл шараның шығармашылықпен жұмыс жасайтын мұғалімдердің үздік әдістемелік тәжірибесін айқындау, тарату, олардың кәсіби шеберлігін көтеру, білім беру жүйесінде мұғалімдердің жағымды әлеуметтік және кәсіби келбетін қалыптастыру, мәртебесін көтеру және әдістемелік жұмыс жүйесінің бірегейлігін сақтау мақсатында ұйымдастырылып отырғанын алға тартты.

Алаң ұйымдастырушылары республикада аналогы жоқ «Тәжірибе алаңының» Облыстық кәсіподақ комитетінің демеушілігімен үзбей жұмыс жүргізіліп келе жатқанын, қаншама ұстаздардың шығармашылық қабілеттерінің ашылуына септігін тигізгенін атап өтті.

«Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалының тренері Жанар Жубауова алаң қатысушыларына «Education Scram тәсілінің тиімділігі» тақырыбында шеберлік сыныбын өткізді. Шара барысында шығармашыл ұстаздар берілген ресурстарды топта талқылау, тапсырмаларды орындау, кері байланыс беру тұстарын қамтыды. Шеберлік сынып аясында қатысушылар алдағы уақытта мектеп тәжірибесіне Education Scram тәсілін қолдану қажеттілігін түсінді. Алған ақпараттар негізінде әр ұстаз сабақ беретін пән аясында аталмыш тәсілді енгізіп, өз жоспарларын ұсынды.

Жиын аясында Дойбы ойыны ұйымдастырылып, І орынды Қазалы ауданындағы №276 орта мектебінің математика пәні мұғалімі Құдайберген Төлепберген, ІІ орынды Қармақшы ауданындағы №105 орта мектебінің математика пәні мұғалімі Сәулет Игембаев, ІІІ орынды Шиелі аудандық оқушылар үйінің дене шынықтыру пәні мұғалімі Әлімхан Тұрманов иеленді.

Тәжірибе алаңының ұйымдастырушылары мәжіліс залға жиналып, бір күн бойы өткізілген іс-шараларға жеке-жеке тоқталып, сараптамалық талдау жасап, рефлексия жасады.

Тоғызқұмалақ ойыны ұйымдастырылып, нәтижесінде І орынды Шиелі ауданындағы №207 Жаңатұрмыс орта мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі Абай Дүкенбаев, ІІ орынды Қармақшы ауданындағы №277 орта мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Әзиза Муса, ІІІ орынды Сырдария ауданындағы №129 мектеп-лицейінің музыка пәні мұғалімі Биболат Опабеков иеленіп, жеңіс тұғырынан көрінді.

«Ауыл кеші көңілді» өнер кешіне қалалық және аудандық білім бөлімдері командалары белсенді қатысып, көңілді ән-билерімен, әзіл-шыны аралас көріністерімен өз өнерлерін ортаға салды. Қазылар алқасының шешімі бойынша үздік өнер көрсеткен командаларға жүлделі орындар берілді. І орынды Сырдария аудандық білім бөлімінің командасы, ІІ орынды Жаңақорған аудандық білім бөлімінің командасы, ІІІ орынды Шиелі аудандық және Жалағаш аудандық білім бөлімдерінің командалары иеленді.

Наши филиалы