Жаңа Жыл жаңа серпін әкелсін!

Жаңа жыл жаршысындай болған «Алматы ұстаздары/Учитель Алматы» журналының №4, яғни өткен 2021 жылдың соңғы шығарылымы жарыққа шығып, өз оқырмандарымен қауышты.

Жылдық жұмысымыздың қорытындысын шығарып, жылды жабатын нөмір институтымызда өткен барлық іс-шараларды қамтумен қатар білім беру саясаты, рухани жаңғыру, білім берудегі жаңашылдық, көптілді білім беру, бейінді білім беру және т.б. мазмұнды тақырыптарға арналған мақалалар ұсынып, қазан айында институт қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Көптілділік заманауи білім берудің басымдықтарының бірі ретінде: жағдайы мен болашағы» атты Халықаралық ғылыми-практикалық онлайн-конференциясы материалдарын негізге алды.

Тәуелсіздігіміздің торқалы тойы тұсында жарыққа шыққан журналымыздың бұл нөмірінде Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда сөз болған тіл мәселесіне қатысты материалдар оқырман көңілінен шығары сөзсіз.

Әлем картасында жаңа жас Қазақстан Республикасы пайда болғаннан бері осы отыз жылда көптеген мәселені қайта қарауға тура келді. Соның бірі –  өзекті өртеген тіл мәселесі болды. Мемлекеттік тілдің қолданылуы мен дамуын қамтамасыз етумен қатар, көптілділік – көп мәдениетті тұлғаны қалыптастырудың өзегі болып табылады. Бүгінгі таңда көп тілді оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіндік беретін қажеттілік. Үш тілде оқыту – заман талабы десек, оның негізгі мақсаты: бірнеше тілді меңгерген, әлеуметтік және кәсіптік бағдарға қабілетті, мәдениетті тұлғаны дамыту және қалыптастыру. Ендеше, бұл нөмірдегі өзекті тақырып – тіл мәселесі болды.

Жаңа жылда барша оқырмандарымыз бен журнал авторларына жаңаша серпін мен шығармашылық табыстар тілейміз!

Редакция алқасы

Наши филиалы