Көшпелі тәжірибелік сабақтар ұйымдастырылды

Оралдағы «Өрлеу» институты меморандум аясында қаламыздағы білім ордаларымен бірлесе қызмет атқаруда. Тыңдаушылар курстан алған теориялық білімдерін білім ұйымдары базасында көшпелі тәжірибелік сабақтар шеңберінде іске асыруда. Бірлескен қызмет тыңдаушылардың кәсіби білімдерін, іскерліктері мен дағдыларын жетілдіруге бағытталған. 

Атап айтсақ, 14 маусым күні №19 ЖББОМ базасында «Физика сабақтарында шығармашылық ізденіске жетелеу жолдары» тақырыбында семинар өткізілді. Семинар Жаратылыстану және гуманитарлық пәндерді оқыту әдістемесі кафедрасының аға оқытушысы, курс тренері Гүлмаржан Өтеғұл мен мектеп директорының әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары С.Жаркееваның жетекшілігімен ұйымдастырылды. Мақсаты: оқушылардың шығармашылық дағдыларын, танымдық ізденушілік қабілеттерін дамытудың тиімді әдістерін қарастыру, талқылау, мұғалімнің кәсіби шеберліктерін дамыту болды.

Шара барысында «Зерттеушілік құзыреттілікті дамыту  жолдары» тақырыбында Хамида Есенова, «Ғылыми зерттеу: ізденіс, тәжірибе, нәтиже» ғылыми жобаларды дайындау мәселелері туралы,  «Олимпиада есептерін шығару практикумы» тақырыптарында Абай Мамыр, «Canva онлайн платформасындағы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану» тақырыбында Гүлжауһар Амангелді іс-тәжірибесімен бөлісті. Курс тыңдаушылары өз қоржындарына қажетті білім азығын жинақтады.

Ал 23 маусым күні М.Мәметова атындағы №27 мектеп-лицейінде көшпелі тәжірибелік сабақ өтті. Тәжірибелік сабақ  “Физика пәнін оқыту мен оқудағы жаңа әдіс-тәсілдер арқылы оқушылардың білім сапасын арттыру” тақырыбында  физика пәні мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Шара барысында ҰБТ есептерін жеңіл жолмен шешу тәсілдері, физика сабағында демонстрациялық жұмысты ұйымдастыру, IT мүмкіндіктерін тиімді қолдану жолдары қарастырылды. Аталған мектеп-лицейінің физика пәні мұғалімдері Айнұр Балғазиева, Гүлсезім Нұртазаева, Толғанай Мансурова және психолог Айнаш Қабиева кәсіби шеберліктерін көрсетіп, тәжірибелерін тыңдаушылар назарына ұсынды.

Тәжірибелік сабақтар жоғары деңгейде өтіп, пән мұғалімдерінің қызығушылығын тудырды. Курс тыңдаушыларының тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасаған №19 ЖББОМ, М.Мәметова атындағы №27 мектеп-лицейі ұжымына алғысымызды білдіреміз.

Наши филиалы