Курс тыңдаушылары мұражайға саяхат жасады

Тәуелсіз еліміздің мәдениеті мен тағылымды тарихын тану, туған өлкеміздің, ата-бабаларымыздың өткенін білу – әрбір азаматтың парызы.

Жас ұрпақтың бойында жоғары патриоттық сананы қалыптастыру, елі үшін мақтаныш сезімі, Отанның мүдделерін қорғау жөніндегі азаматтық борыш пен конституциялық міндеттерді орындауға деген дайындығын тәрбиелеуде өлкетану деректерін оқып-үйренудің маңызы зор.

«Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша кәсіби даму институтында мектеп кітапханашыларына арналған «Орта білім беру ұйымдары кітапханаларының инновациялық қызметінің заманауи стратегиялары» тақырыбындағы біліктілік арттыру курсы тыңдаушылары Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану мұражайына танымдық саяхат жасады.

Саяхат барысында курс тыңдаушылары мұражайдың «Кіріспе», «Өсімдіктер мен жануарлар дүниесі», «Қасиетті Қазақстан және археология», «Сыр өлкесінің әлеуметтік-экономикалық дамуы (ХҮ-ХХ ғғ.)», «Этнография», «Тәуелсіз Қазақстан» залдарындағы экспонаттармен танысты.

Сонымен қатар курс тыңдаушыларына мұражайдағы экспонаттар туралы түсінік берілді. Ұлттық кодымызға негіз бола алатын ұлттық құндылықтарымызды, ұлттық мінезіміз бен болмысымызды, халқымыздың төл тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрін сан қырынан танытатын экспонаттар мен жауһар жәдігерлерді, тұтас бір дәуірдің тарихын, этнографиясын ғасырдан-ғасырға жеткізіп отыратын мұражайды аралау сәтінде тыңдаушылар ұлы сезім, патриоттық рухқа бөленіп шықты.

Наши филиалы