University of Sussex-тағы тағылымдама: «Өрлеу» оқытушысының тәжірибесі

«Болашақ» бағдарламасының «500 ғалым» бағыты аясында Ұлыбританияның Сассекс университетінде «Білім беру» бағыты бойынша 14 қазақстандық зерттеуші ғылыми тағылымдамадан өтуде. Бұл – жалпы бағдарлама қатысушыларының бір бөлігі ғана.Бүгінде көптеген отандық ғалымдар Ұлыбритания мен өзге де елдердің жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өтіп жатыр.

Олардың қатарында – филология мамандығы бойынша PhD докторы, қауымдастырылған профессор, «Өрлеу» БАҰО» АҚ Қарағанды филиалының қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының аға оқытушысы Сауле Алишеровна Шункеева бар.

2024 жылдың қыркүйегінен бастап 2025 жылдың тамызына дейін Сауле Алишеровна Сассекс университетінде бір жылдық ғылыми тағылымдамадан өтуде. Оның зерттеу жұмысы қазіргі педагогиканың өзекті бағыттарының бірі — мектептегі білім беру үдерісінде жасанды интеллектті қолдану мәселесіне арналған.

Жеке білім беру траекториясы аясында ол жасанды интеллектке арналған арнайы курстарға қатысады, Ұлыбританияның жетекші профессорларының дәрістерін тыңдайды, сондай-ақ бұл елдің мектепке дейінгі тәрбиеден бастап кәсіби білім беруге дейінгі жүйесінің ерекшеліктерін зерттеуде.

Зерттеу барысында ерекше қызығушылық тудырған бағыттардың қатарында Action Research, Lesson Study, инклюзивті білім беру тәсілдері бар. Сондай-ақ, ол Ұлыбританияның түрлі білім беру мекемелеріне – бастауыш және орта мектептерге (Moulsecoomb Primary School, Brighton Aldridge Community Academy – BACA), колледждер мен елдегі ең көне университеттердің бірі – Кембридж университетіне барып, тәжірибе алмасуда.

«Provocative Pedagogies» курсы аясында білім берудегі дәстүрлі тәсілдерге сыни көзқарас қалыптастыруға және оқытудың мақсаттарын кеңінен қамтитын жаңа үлгілер мен әдістерді қарастыруға баса назар аударылады. Алынған идеялар алдағы уақытта «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының білім беру бағдарламаларына, оның ішінде мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарына бейімделіп енгізіледі. Бұл ретте қазіргі заманның талаптары мен қазақстандық білім беру жүйесінің өзекті қажеттіліктері ескеріледі.

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы өз мамандарының академиялық және кәсіби дамуына қолайлы жағдай жасауды жалғастыруда. «Болашақ» бағдарламасына қатысу – білім көкжиегін кеңейтіп, заманауи ғылыми жетістіктерді меңгеруге және еліміздің білім беру жүйесінің дамуына үлес қосуға мүмкіндік береді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Наши филиалы

OUR BRANCHES

Біздің филиалдар