Аймақтық онлайн-семинар: «Заманауи білім беру кеңістігіндегі педагогикалық кәсібилік пен жаңашылдық»

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы – Атырау облысы бойынша Кәсіби даму институтында «Заманауи білім беру кеңістігіндегі педагогикалық кәсібилік пен жаңашылдық» тақырыбында аймақтық онлайн-семинар өтті. Іс-шара ZOOM платформасы арқылы ұйымдастырылып, оған Атырау облысының қала және аудан мектептерінен педагогтер, ақылы мектептердің мұғалімдері, институт қызметкерлері, сондай-ақ Батыс өңірлер – Орал, Ақтау, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарынан әріптестер қатысты.

Семинардың ресми бөлімі филиал директоры Галимжанова Маржан Анесовнаның семинар жұмысын ашуымен басталды. Ол білім беру жүйесіндегі цифрлық трансформацияның, соның ішінде жасанды интеллект мүмкіндіктерінің өзектілігін атап өтіп, қатысушыларға нәтижелі жұмыс атмосферасын қалыптастыруға бағытталған ізгі тілектерін білдірді.

Семинардың негізгі мақсаты – білім берудің жаһандық өзгерістеріне сай мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыру және жасанды интеллект (AI) технологияларын оқу-тәрбие үдерісінде тиімді қолдану дағдыларын дамыту. Қатысушылар оқушылардың сыни ойлауын, шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған AI-мен байытылған әдіс-тәсілдерді, цифрлық ресурстарды және заманауи интерактивті платформаларды пайдаланудың тиімді жолдарын талқылады.

Аймақтық семинарға жүзден астам материал қабылданып, үш бағыт бойынша секциялық жұмыстар ұйымдастырылды:

1. Жасанды интеллект құралдарымен оқушылардың сыни ойлауын және шығармашылық қабілеттерін дамытуға арналған пәнаралық жобалар мен интерактивті тапсырмалар әзірлеу;

2. Педагогтардың AI құралдарын сабақ үрдісінде қолдану тәжірибесін талқылау және тиімді әдістерді анықтау;

3. AI-негізді технологияларды инклюзивті білім беру құзырында пайдалану және оқушылардың жеке білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыру.

Семинар барысында педагогтер өз тәжірибелерімен бөлісіп, білім беру тәжірибесіне енгізуге болатын жаңа идеялар, тиімді тәсілдер мен ұсыныстар талқыланды. Іс-шара соңында барлық секциялар бойынша ұсыныстар жинақталып, қатысушыларға жолданды.

Аймақтық онлайн-семинар педагогтердің кәсіби дамуына тың серпін беріп, білім беру кеңістігіндегі инновациялық бағыттарды дамытуға мүмкіндік берген маңызды алаң болды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Наши филиалы

OUR BRANCHES

Біздің филиалдар