Ерекше білім беру қaжеттіліктері бар балаларды сапалы біліммен қамту – қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі. Соңғы жылдары елімізде арнаулы білім жүйесінде ерекше білім беру қaжеттіліктері бар балалардың білім алуға қолжетімділігін кеңейтуге оң өзгерістер жасалуда.
Бүгін «Өрлеу» Қызылорда филиалы мен №7 арнайы түзету мектеп-интернаты арасындағы ынтымақтастық шеңбері аясында «Арнайы білім мен тәрбиені қажет ететін балаларды қоғамдық ортаға кіріктіру барысында еңбекке баулудың әдіс-тәсілдері мен технологиялары» тақырыбында облыстық семинар өтті.
Білім алушылардың оқу-еңбек іс-әрекетін дамыту мүмкіндіктерін жүзеге асыру, оларды бастапқы кәсіби дағдыларды игеруге және дене мүмкіндіктерін ескеріп, өз бетімен еңбек етуге даярлау мақсатында ұйымдастырылған шараға 40-қа жуық облыс педагогтері қатысты.
Іс-шараның ашылу салтанатын мектеп-интернат директоры Перизат Жұматова ашып, қатысушыларды мекеме тынысымен таныстырды.
Семинардың тәжірибелік бөлімінде мектеп-интернат педагогтері «жалпы еңбекке баулу», «кәсіби еңбекке баулу», «оқу және тіл дамыту», «математика», «айналадағы әлем» пәндерінен сабақ өтіп, тәрбиешілер ашық тәрбие сағаттарын көрсетті. Логопед және дефектолог мамандар «Түзету сабақтарында қолданылатын ресурстардың маңыздылығы» атты семинар-практикумда ерекше білім беруді қажет ететін балаларға жеке амалдар қолдану, сабақ үдерісінде әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану бағыттары бойынша тәжірибелерімен бөлісті.
Алдағы уақытта №7 арнайы түзету мектеп-интернатымен білім беру бағытындағы сындарлы жұмыстар, бірлескен ынтымақтастық жалғасын табады деп сенім білдіреміз.



