Атырау қаласында «Келешек мектептері» жобасының соңғы семинар-тренингі ұйымдастырылып, бұл жолы іс-шара №48 жалпы орта білім беретін мектептің педагогтеріне арналды.
Тренинг команда қалыптастыруға және бірлескен тиімді жұмыс дағдыларын дамытуға бағытталды. «Біртұтас команда – жайлы мектеп» тақырыбындағы семинар-тренингті «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы – Атырау облысы бойынша Кәсіби даму институтының Жаратылыстану-математика бағытындағы кафедрасының аға оқытушысы Аронова Алтынай Жеңісқызы жүргізді.
Тренинг барысында педагогтер тыңдай білу, пікір бөлісу, ортақ мақсатқа бірігу, рөлдерді тиімді бөлу, команда ішінде сенім орнату сияқты дағдыларын тәжірибелік тапсырмалар арқылы жетілдірді. Топтық жаттығулар мұғалімдерге шығармашылықпен ойлануға, бірлесе әрекет етуге және ұжымдағы психологиялық ахуалды жақсартуға көмектесті.
Қатысушылар тапсырмалар арқылы ұжымдық коммуникацияның, өзара қолдаудың және ұйымшыл команданың мектеп мәдениетін қалыптастырудағы маңызын терең түсінді. Семинар соңындағы кері байланыс нәтижелері педагогтердің тренингтің практикалық пайдасын ерекше атап өткенін көрсетті. Мұғалімдер командамен жұмыс істеуге деген сенімділігі артқанын және бірлескен әрекетке қызығушылығы күшейгенін жеткізді.
«Келешек мектептері» жобасы аясында өткізілген бұл соңғы тренинг педагогтердің кәсіби дамуына, мектеп ішінде жағымды командалық мәдениет қалыптастыруға оң әсерін тигізді.

