Атырау облысында «Келешек мектептері» жобасы аясында мұғалімдердің базалық деңгей курстарынан кейінгі тестілеу кезеңі басталды. Бұл тестілеу — педагогтердің кәсіби даму сапасын бағалау және олардың курстар барысында алған білімдерін тәжірибеде қолдануға дайындығын тексеру мақсатында ұйымдастырылып отыр.
29, 30 және 31 қазан күндері Атырау қаласындағы №46, №47, №48 және №50 мектептерде тестілеу өтуде. Жалпы 197 педагог қатысып жатыр:
• №50 мектептен – 70 педагог;
• №48 мектептен – 74 педагог;
• №47 мектептен – 37 педагог;
• №46 мектептен – 16 педагог.
Тест 25 сұрақтан тұрады және оны орындауға 80 минут уақыт беріледі. Негізгі мақсат – пән мұғалімдерінің базалық құзыреттерін анықтау және кәсіби біліктілік деңгейін айқындау.
Жоба аясында мұғалімдер бұған дейін «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы – «Атырау облысы бойынша Кәсіби даму институты» ұйымдастырған курстардан өтті. Курстар базалық деңгейдегі 11 пәнді қамтыды: бастауыш сынып, қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі, математика, информатика, физика, химия, биология, география және тарих.
Тестілеу нәтижелері бойынша педагогтердің дайындық деңгейі сараланып, әр қатысушыға кәсіби дамуын одан әрі жетілдіруге арналған жеке ұсынымдар беріледі.
Бұл жұмыс – өңірдегі педагогтердің кәсіби өсуіне, біліктілігін нығайтуға және сапалы білім беру жүйесін дамытуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.


