Қоршаған әлемде және табиғатта болып жатқан құбылыстарды түсіну, салыстыру, талдау, жіктеу, жүйелеу, жалпылау білік, дағдыларын меңгерту мақсаттары көзделгенде ғана оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыруға болады. Ол үшін күнделікті оқыту үдерісінде әрбір пәннен берілетін теориялық білімді өмірдегі жағдайлармен байланыстырып, практикалық жағына бағыттап отыру керек. Сондықтан теория мен практиканың байланыста болуын қамтамасыз ету үшін әрбір пән бойынша берілетін білімнің мазмұны мен көлемін анықтағанда теориялық қағидалардың, заңдылықтар мен ережелердің, яғни ұғымдық-ақпараттық материалдардың бала өмірінде кездесетін түрлі проблемалық мәселелерді шешуге көмегі тиетіндей, бала оны қолдана алатындай практикалық маңызы ескерілуі тиіс.
Осы орайда, Өрлеу Алматы облысы бойынша кәсіби даму Институтының жедел жоспарына сәйкес 2024 жылдың 16 сәуірінде Алматы облысының Білім басқармасы Облыстық білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығымен бірлесе Институттың аға оқытушысы Айгүл Байузакованың ұйымдастыруымен «Бастауыш сынып оқушыларын оқытуда функционалдық сауаттылығын дамыту» тақырыбында облыстық семинар өтті.
Семинарға Алматы Облыстық әдістемелік орталығының мектепке дейінгі және бастауыш білім беру бөлімінің басшысы Камбаралиева И.Т., Қонаев қаласы білім бөлімінің әдіскері Сарсебекова М.С. және 44 бастауыш сынып мұғалімдері қатысты.
Семинардың мақсаты:пәндерді оқытудың тиімділік деңгейін арттыру үшін мұғалімдердің функционалдық сауаттылығын арттыру.
Қатысушылар бастауыш сынып оқушыларының жан-жақты дағдыларын дамытудың заманауи нысандары мен әдістерін қолдану және енгізу бойынша тәжірибе алмасты. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыратын сабақты ресімдеуде кездесетін қиындықтар мен проблемаларды анықтау, білім сапасын арттыру міндеттерін орындауды қамтамасыз ету үшін дер кезінде шаралар қабылдау, жобалық іс-әрекеттер арқылы оқушылардың бойында құндылық қасиеттерді дамытудың жаңа педагогикалық идеялары көрсетілді.
Семинардың соңында барлық қатысушыларға құрмет грамоталары мен сертификаттар табыс етілді.









