Ағымдағы жылдың 1-тамызынан бастап Өрлеуде пән мұғалімдеріне арналған тегін біліктілікті арттыру курстары басталды. Оқудың бірінші күнінде республика бойынша 238 курстың тұсауы кесіліп, 6603 мұғалім пән бойынша білім алуды бастады. Павлодар филиалында бүгінгі таңда екі жүзден астам жергілікті ұстаздар білімін арттыруда.
Жаңа бағдарламалар педагогтердің сұраныстарына сәйкес пән бойынша күрделі тақырыптарды тереңдетіп меңгертуге арналған. Математика, информатика, физика, химия, биология, география, жаратылыстану, қазақ және орыс, ағылшын тілдері, тарих және бастауыш сыныптары – барлығы 12 пән бойынша тестілік форматта 44 білім беру бағдарламасы әзірленді.
Оқуды бастамас бұрын курс тыңдаушылары пәндік білімнің бастапқы деңгейін анықтау үшін LMS платформасында диагностикалық тестілеуден өтті. Оның нәтижесі құпия қалпында қылып, бағалауға әсерін тигізбейтін болады. Ол мұғалімдердің оқытудағы қажеттіліктерін анықтауға және білім беру бағдарламасының тиімділігін бағалауға көмектеседі. Т.Гаскидің педагогтердің кәсіби даму бағдарламаларының тиімділік моделі аясында зерттеу жүргізіледі: бастапқы деректерді өлшеуден бастап соңғы нәтижені бекітуге дейінгі барлық оқу процесі талданады.
Бағалар қорытынды сынақтан бір күн бұрын қойылады. Бағалау «Сабаққа қатысу» және «Сабақ барысындағы белсенділік» элементтері бойынша жүргізіледі. «Сабақ барысындағы белсенділік» элементі 4 тармақты қамтиды: «Сабақтың әртүрлі кезеңдеріне қатысу», «Топтағы басқа оқушылармен өзара әрекеттестігі», «Жауап беру дәрежесі/жылдамдығы» және «Жаңа идеяларды, шешімдерді ұсыну». Оқу материалын меңгеру дәрежесін бағалау үшін қорытынды тестілеу жүргізілетін болады. Тестілеуді сәтті тапсыру – оқуды аяқтаудың маңызды шарты. Сертификаттар барлық үш элемент бойынша шекті балл жинаған тыңдаушыларға ғана беріледі.
Педагогтердің жаңа білім беру бағдарламаларын табысты меңгеруіне тілектеспіз!