«Робототехника және STEM-білім беру» курсында тыңдаушыларға жапондық білім беру мәдениетіне негізделген ерекше сабақ үлгісі ұсынылды.
Курс тренері Орынбек Жақсым сабақты өз ұлы, Әуезов ауданы №173 мектеп-лицейінің оқушысы – Исаев Дінисламмен бірге өткізді. Бұл сабақ жапон мектептерінде кең тараған «қоғамдық тәжірибе сабақтары» 社会体験学習 — shakai taiken gakushū үлгісінде ұйымдастырылды.
Жапониядағы мұндай тәжірибелердің басты мақсаты – баланы өмірмен байланыстыра оқыту. Оқушы ата-анасының немесе басқа кәсіп иелерінің жұмыс орнында болып, олардың еңбегімен танысады, қоғамдағы әр мамандықтың маңызын түсінеді. Бұл тәсіл баланы еңбекке ерте баулиды, жауапкершілік сезімін оятады және болашақ кәсібін таңдауға айтарлықтай бағыт береді.
Сабақ барысында Дінислам жобасын таныстырып, робототехниканың өмірмен байланысын, практикалық пайдасын көрсетті. Тыңдаушылар жапондық «тәжірибе арқылы үйрену» қағидатына негізделген бұл тәсілдің тәрбиелік және дамытушылық әлеуетін жоғары бағалады.


