«Өрлеу» Астана филиалы Қырғыз Республикасының педагогтерімен ынтымақтастықты жалғастыруда. Осыған байланысты мектепке дейінгі білім берудегі инновациялық әдістерді талқылауға бағытталған бірлескен әдістемелік семинар өткізілді.
Қырғыз Республикасы Білім және ғылым министрлігі жанындағы педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау республикалық институты кафедрасының аға оқытушысы А. Э. Камалова өз елінде педагог кадрлардың біліктілігін арттыру және мектепке дейінгі білім беру жүйесінің ерекшеліктерін ұсынды. Бұл қатысушыларға Қырғызстанда қолданылатын тәсілдер мен әдістер туралы түсінік алуға мүмкіндік берді.
Астана педагогтері өз кезегінде қазақ этнопедагогикасының ұлттық құндылықтары мен қағидаттарын сақтауға баса назар аудара отырып, мектепке дейінгі білім беру жүйесінде инновациялық әдістер мен авторлық әзірлемелерді қолдану тәжірибесімен бөлісті. №47 “Ақ желкен” балабақшасының педагогтері мектеп жасына дейінгі балалардың бейнелі ойлауын дамытудың бірегей ойын әдістемесі – эйдетиканы қолдану нәтижелерін ұсынды.





