Онлайн вебинар география пәні мұғалімдеріне STEM технологияларының білім беру процесіндегі мүмкіндіктерін таныстыру және оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Вебинарды Оралдағы «Өрлеу» филиалының Педагогика және пәндік әдістер кафедрасының тренері Алина Абишева жүргізді. Тақырыбы: «Білім алушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру үшін STEM технологияларын қолдану, тапсырмалар әзірлеу».
Вебинар барысында STEM білімінің функционалдық сауаттылықты қалыптастырудағы рөлі мен маңызы зерделеніп, оқушылардың сыни ойлау, проблемаларды шешу, ынтымақтастық және коммуникация дағдыларын дамытуға бағытталған тапсырмалар әзірлеу әдістері талқыланды.
Сондай-ақ әр түрлі пәндердің оқу бағдарламаларына STEM технологияларын енгізу мәселелері қарастырылып, STEM тапсырмаларын практикалық түрде әзірлеу және талдау мүмкіндіктері ұсынылды.
Вебинар қорытындысында қатысушылар STEM технологияларын қолданудың тиімділігін атап өтіп, осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігін білдірді. Бұл іс-шара білім беру саласындағы жаңа мүмкіндіктерді ашып, педагогтардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға ықпал етті.





