Ағымдағы жылдың 24 қаңтар күні «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша Кәсіби даму институтының аға оқытушысы Назира Абдикеримова республикалық деңгейде мақсатты мектептерге арналған география пәнінен базалық курстың бөлімдері бойынша күрделі тақырыптардың мазмұнын талдау вебинарлар қатарын жүргізіп аяқтады. Вебинар жұмысы 9 қаңтарда бастау алды.
Алғашқы вебинар жұмысында «Географиялық зерттеу әдістері» модульі аясында «Географияда графикалық әдістердің қолданылуы» тақырыбы аясында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. География пәнінде географиялық деректермен жұмыс, графикалық әдістер, картадиаграмма мен картограмма әдістері туралы кеңінен талқыланды.
Екінші вебинар жұмысы 14 қаңтарда өткізілді. Бұл күні «Географиялық деректер базасын құрастыруда ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың рөлі» тақырыбы талқыланды. География пәнінде ГАЖ мүмкіндіктерін пайдаланудың ерекшеліктері мен электрондық карталарды құрастыру және олармен жұмыс жүргізу ерекшеліктері туралы айтылды.
17 қаңтар күні «Физикалық география» бөлімі аясында литосфера, атмосфера, гидросфера, биосфера географиялық қабықтарының ерекшеліктері бойынша күрделі тақырыптардың мазмұнын түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде «Қазақстанның ішкі суларының түрлері. Мұздықтар. Жер асты сулары. Табиғи-аумақтық кешендердің қалыптасуы.» тақырыбы бойынша оқу тапсырмаларын орындаудың ерекшеліктері қарастырылды.
21 қаңтар күні бағдарламаның «Экономикалық география» және «Әлеуметтік география» бөлімдері бойынша «Табиғи ресурстардың жіктелуі.Таралу заңдылықтары» және «Еңбек ресурстарының сандық және сапалық құрамы. Қазақстанның демографиялық жағдайы мен демографиялық саясаты» тақырыптары бойынша тәжірибеге бағытталған жұмыс жүргізілді. АДИ көрсеткішін, табиғи ресурстардың әлеуетін есептеу жолдары түсіндірілді.
24 қаңтар күні «Елтану саяси география негіздерімен» бөлімі аясында елдердің саяси типологиясы және әлем елдерінің экономикалық-географиялық жағдайы бойынша талдау жүргізілді.
Мақсатты мектептердің география пәні бойынша базалық курсы бөлімдерін оқытудың күрделі аспектілерін қарастыру бойынша ұйымдастырылған вебинарлар қатары сәтті аяқталды.