Гульвира Мусабекова Қостанай облысы бойынша «Өрлеу» филиалының директоры болып тағайындалды

2025 жылдың 1 сәуірінен бастап Гүльвира Айдарханқызы Мусабекова «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қостанай облысы бойынша Кәсіби даму институт – педагогтердің біліктілігін арттыру бойынша жетекші орталықтың директоры қызметіне кірісті.
Гульвира Айдарханқызы – педагогика ғылымдарының кандидаты, жоғары және орта білім беруді дамытуға елеулі үлес қосқан тәжірибелі басқарушы, педагог. Жоғары оқу орындары мен орта білім беру ұйымдарын басқарудағы көпжылдық трансформациялық тәжірибеге ие бола отырып, ол нәтижеге, көшбасшылыққа және ашықтыққа бағытталған тиімді білім беру менеджері ретінде танылды.
1973 жылы 3 қыркүйекте Қостанай облысында дүниеге келген. 1995 жылы А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін «тарих, қоғамдық пәндер және тәрбие жұмысының әдістемесі» мамандығы бойынша бітірді.
Еңбек жолын ауыл мектебінде тарих пәнінің мұғалімі ретінде бастады. Әр жылдары Рудный қаласындағы орта мектептерде тарих пәнінің мұғалімі, Рудный және Қостанай қалаларындағы мектептерде тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары болып қызмет атқарды. 2005-2010 жылдары Қостанай қазақ-түрік дарынды балаларға арналған лицей-интернатында оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі директордың орынбасары болды.
2009 жылы «Инновациялық мектеп жағдайында дарынды балалармен жұмыстың интегративті-дамыту тәсілі» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғады.
2010 жылдан бастап Гульвира Айдарханқызы Қазақстанның бірнеше университеттерінде басшылық қызметтер атқарды. ҚР Білім және ғылым министрлігінің іріктеу конкурстарының нәтижесі бойынша әртүрлі өңірлердегі университеттердің академиялық саясатын жаңғырту үшін басқарушылық лауазымдарға жіберілді. Ол Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтында ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор, У.Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінде академиялық жұмыс және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор, сондай-ақ сол университеттің ректорының міндетін атқарушы қызметтерін атқарды. Сонымен қатар, ҚР БҒМ Болон үдерісі және академиялық ұтқырлық орталығы директорының орынбасары, Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің академиялық жұмыс жөніндегі вице-президенті (Ақтау қ.), М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің академиялық жұмыс жөніндегі проректоры (Тараз қ.) болып жұмыс істеді.
2023 жылы Павлодар қаласындағы Инновациялық Еуразия университетінің ректоры болып тағайындалды.
70-тен астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 2 монографияның, жоғары импакт-факторлы Scopus базасына кіретін журналдардағы мақалалардың авторы. Қазақстандағы бірнеше университеттің академиялық саясатын трансформациялау саласында тәжірибелі менеджер.
Гульвира Мусабекова – Қазақстандық білім беру зерттеушілері қауымдастығының (KERA) мүшесі.
Марапаттары мен жетістіктері
• «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі (2015 ж.)
• Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының үздіксіз білім беру ұлттық және халықаралық жүйелерін зерттеу мен дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін марапаты (2018 ж.)
• «Қостанай ҚТЛ 25 жыл» медалі (БІЛ, 2019 ж.) – Қостанай білім-инновация лицейінде еңбек етіп, оқушылардың білімі мен тәрбиесіне қосқан үлесі үшін
• «Жоғары кәсіби білім беру саласының үздік менеджері» құрметті атағы (Қазақстан ЖОО қауымдастығы, У.Сұлтанғазин атындағы ҚМПУ, 2019 ж.)
• «Университетті дамытуға қосқан үлесі үшін» медалі (Есенов университеті, 2022 ж.)
• «Дулати университетінің дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісі (Дулати университеті, 2023 ж.)
• Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамотасы (2024 ж.)
• ERG компаниялар тобының алғыс хаты – университетпен кәсіби әрі нәтижелі серіктестігі үшін

Наши филиалы

OUR BRANCHES

Біздің филиалдар