Бүгін 16 тамыз күні облыс педагогтерінің қатысуымен «DIGITAL KAZAKHSTAN: ЖАҢА ЗАМАНДАҒЫ БІЛІМ БЕРУ» педагогтердің республикалық Саммиті аясында «Білім берудегі цифрлық инновациялар» тақырыбындағы облыстық тамыз конференциясының пленарлық отырысы «Атамекен» өнер ордасында ұйымдастырылды.
Пленарлық отырысқа Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті, ҚР Оқу-ағарту министрлігі өкілі Тыныбаева Мадина Ағланқызы, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті «Педагогика және психология» кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, университеттің «Білім берудегі инновациялар және цифрлық оқыту» орталығының ғылыми жетекшісі Бахишева Светлана Меңдіғалиқызы, ардагер-ұстаздар, МДҰ, мектеп, колледж, қосымша білім беру мекемелерінің, аудандық, қалалық білім бөлімдерінің басшылары, ҮЕҰ мен БАҚ өкілдері қатысты.
Тамыз кеңесі фойедегі педагогикалық көрмемен басталды.
Білім беру қызметкерлерінің Тамыз кеңесі ҚР Оқу–ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың бейнеқұттықтауымен ашылды.
Кеңесті Облыстық білім басқармасының басшысы Сафуллин Елдос Набиоллаұлы жүргізді.
Кеңес отырысын облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы Төреғалиев алғысөзбен ашып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Министрлік өкіліМадина Тыныбаева оқу жылының қорытындысы мен жаңа оқу жылының міндеттеріне тоқталып өтті.
Кеңесте сөз алған Софья Измуханбетова «Педагогтің пәндік құзыреттілігін дамыту – білім сапасын арттырудың негізі» тақырыбындағы баяндамасында педагогтердің пәндік құзыреттілігін үздіксіз жетілдіру, халықаралық ынтымақтастық, соның ішінде алыс және жақын шет елдермен серіктестік, «943 – елдің нысаналы мектептерін дамыту» жобасын іске асыру аясында облыста атқарылып жатқан жұмыстар, “ҰСТАЗ” платформасының іске қосылуы жайында айтып өтті.
Жиында «Цифрлық оқытудың дидактикасы мен дизайны» тақырыбында баяндама жасаған Светлана Меңдіғалиқызы жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесінде қолдану жөнінде ой қозғады.
Сонымен қатар, цифрлық білім беру ортасын қалыптастыру, педагог қызметінің сапасын арттырудағы бұлттық технологияның орны, қосымша білім беру жүйесіндегі робоинтеллект оқыту технологиясы тақырыптарында баяндамалар тыңдалды.
Жылдағы дәстүр бойынша жаңа оқу жылы қарсаңында өтетін бұл тамыз кеңесінде атқарылған жұмыстарға талдау жасалынып, алдағы жаңа оқу жылына қойған мақсат-міндеттер айқындалды.
Шара соңында білім саласын дамытуға үлес қосқан білім беру ұйымдары мен сала қызметкерлері ҚР Оқу-ағарту министрілігі, облыс әкімі, кәсіподақ ұйымының Алғыс хаттарымен марапатталды.









