Балалар жылына және Дүниежүзілік кітап күніне арналған «Тактильді кітап» фестивалі көру қабілеті нашар балалар мен олардың ата-аналары үшін ерекше мереке болды. «Өрлеу» БАҰО» АҚ Кәсіби даму Институтының аға оқытушысы А.Абилова және кітапхана ісі жөніндегі бас маман И.Грицинина тактильді кітаптардың көмегімен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен олардың ата -аналарына арналған «Мен және менің балам» тақырыбында тренинг өткізді. Тренинг барысында оларға кеңістікті бағдарлау және қимыл қозғалыс дағдыларын үйрету ойындары жүргізілді. Сонымен бірге, «Болашақ» соқыр және нашар көретін балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының дефектологі А.Қалиакперова «Қарым-қатынас қиыншылықтары» атты қызықты әңгіме-релаксация өткізді. Институт әдіскері С. Шевченко ата-аналарға үйде балалармен жұмыс істеудің белгілі бір дағдыларын меңгеруге көмек берді. Фестиваль балалар мен ересектердің кітап оқуға деген қызығушылығының жоғары деңгейде екендігін көрсетті.
