Жамбыл облысының мектепке дейінгі ұйымдарында мектепке дейінгі білім беруді жаңарту жүйесіне көшу жүзеге асырылуда. Осыған орай барлық педагогтар мектепке дейінгі білім сапасын арттыру үшін жұмыс атқаруда. Тәрбиешілерге жаңа білім беру бағдарламаларын игеріп, балаларды оқыту мен тәрбиелеудегі жаңа тәсілдерді жүзеге асыру міндеттеледі. Сондықтан мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтері үшін біліктілікті арттыру курстарына қатысу маңызды болып табылады. Тараз қ. № 12 балабақша базасында мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтері үшін “Мектепке дейінгі ұйым педагогінің ойын құзыреттілігін дамыту” тақырыбындағы біліктілігін арттыру курстары өтуде. Курс тыңдаушылары “Интеллектум” кабинетінің жұмысына тәнті болып, балалардың қоршаған ортаны геометриялық фигуралар, жануарлар мен өсімдіктер әлемі, заттық-кеңістіктік дамытушы орта арқылы танып білгенін тамашалады. Өлкетану қағидаты “Қазақ халық аспаптары” музыкалық-театрландырылған қойылымының жұмысы арқылы іске асырылды, бұл мектеп жасына дейінгі балалардың өздерінің туған жеріне деген саналы көзқарасын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Жаңа білім мазмұнына көшу – мектеп жасына дейінгі балалармен жұмыста тыңдаушылардан тәрбие мен білім беруді жоспарлауға аса мұқияттылықпен қарауды талап етеді.

