Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қызылорда қаласының сол жағалауында ашылған №290 мектепте 30-31 қазан күндері «Жайлы мектеп» басшылары мен педагогтеріне арналған семинар-тренинг өткізілді.
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Қызылорда филиалы ұйымдастырған семинар жұмысы «Жайлы мектептердің» педагогикалық ұжымына ұйымшылдықты, бір-біріне деген сенімділікті және оқу үдерісінің сапасын арттыру үшін топ құру қағидаттарын енгізуге бағытталған.
Екі күндік семинар барысында Өрлеу тренерлері Орынкүл Мыханова мен Мақпал Есенбекқызы топ құру тренингін жүргізді. Тренинг барысында педагогтер команда құру дағдыларын дамытты, білім беру ортасында ынтымақтастықты күшейтіп, табысты шешімдер қабылдауға үйренді. Командалық жұмыс арқылы мұғалімдер бір-бірімен тәжірибе алмасып, ортақ мақсаттарға жетуде тиімді әрі инновациялық тәсілдер мен Microsoft 365 қызметтерін онлайн форматта қолдану цифрлық дағдыларын дамытты.
Өрлеу алдағы уақытта «Жайлы мектепті» табысты іске қосу, «Жайлы мектептер» тұжырымдамасының негізгі қағидаттары мен тәсілдерін ұсыну және бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеу бағытындағы әдістемелік шараларды өткізуді жалғастыратын болады.


