«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша Кәсіби даму институты өңірдегі жайлы мектеп педагогтерінің сұранысына сәйкес «Жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне интеграциялау» тақырыбында облыстық семинар өтті.
Семинардың мақсаты – жасанды интеллектіні мектепте қолдану арқылы білім беру процесін жетілдіру, мұғалімдердің цифрлық құзыреттілік дағдыларын арттыру және ЖИ құралдарын тиімді пайдалану дағдыларын меңгерту.
Семинар жайлы мектеп білім алушыларының цифрлық құзыреттілігін дамытуға арнайы жабдықталған робототехника, информатика пәнінен зертханалық кабинеттерге экскурсия жасаудан басталды. Экскурсия барысында облыстың педагогтері жайлы мектептің цифрлық технологиялармен жабдықталған кабинеттерді көріп оны қолдану мүмкіндіктері бойынша мектеп педагогтерінің тәжірибесімен танысты.
Семинарда «Педагогикалық идеялар панорамасы-2024» республикалық байқауының І орын жеңімпазы Тараз қаласы №41 мектеп-гимназиясының информатика пәнінің мұғалімі Мурат Беридзе қатысып, байқаудағы жеткен жетістігімен бөлісіп, информатика пәнін оқытудағы өз тәжірибесімен, тың идеяларымен бөлісті.
Сонымен қатар Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының оқу-әдістемелік орталығының бөлім жетекшісі Қасымбаева Қымбат және информатика пәнінің мұғалімдері Адай Рахбаев, Жанна Бекбасарова, Куланда Ерпайзова, Мұрат Мадибаев сияқты бірқатар педагогтер жасанды интеллект арқылы мұғалімдерге қажетті негізгі дағдыларды талқылап, бүгінгі мектеп балаларын оқытуда цифрлық құзыреттілікті меңгертудің тиімді жолдарымен бөлісті.
Жасанды интелектіні оқыту, тәжірибемізге ендіру арқылы білім алушылардың оқуына заманауи құзыреттіліктерді қалыптастыруына қолжетімділік аламыз. Семинар жұмысына белсенді қатысқан педагогтерге алғыс білдіреміз!