Ағымдағы жылдың 14 сәуір күні «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша Кәсіби даму институты «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығының» 10 жылдығына орай «Қазақ тілін оқыту ресурстары: ауызша сөйлеуді дамыту, жобалау қызметі, оқу сауаттылығы»тақырыбында Республикалық онлайн-форум өткізді. Ашық алаңға Республикалық «Үздік педагог» байқауының жеңімпаздары, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің республикалық съезінің делегаттары, «Өрлеу» БАҰО» АҚ профессорлық-оқытушылық құрамы, ЖОО тілші ғалымдары, білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтері қатысты. Диалог барысында тіл мамандары қазақ тілін оқытуда ауызша сөйлеуді дамытудың тиімді тәсілдерімен бөлісіп, пән мұғалімдерінің жобалау қызметін ұйымдастырудағы озық жетістіктері мен түрлі кедергілерін талқылады. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту және сыни ойлау құзыреттерін арттыруда дискретті және аралас мәтіндерді оқытудың әдістемесімен бөліскен мамандар оның мазмұндық ерекшелігіне тоқталды. Сонымен қатар, республикалық үздік педагогтер қазақ тілін оқытудағы үздік тәжірибелерін көрсетіп, оқытудағы жаңа көзқарас пен түйіткілді мәселелер туралы ұсыныстарын ортаға тастады.

