Жаңа оқу жылы қарсаңында пән мұғалімдерінің біліктілігін арттыру курстары басталды. Курсқа «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының өкілдері EdCrunch Academy-мен бірлесіп 12 пән бойынша 44 бағдарлама әзірледі. Жаңа бағдарлама бойынша еліміздің 40 000-нан астам мұғалімі курстан өтеді.
Курсты бастамас бұрын мұғалімдер диагностикалық тестілеуден өтеді. Бұл мұғалімдердің пәндік білім деңгейін анықтау үшін қажет. Тестілеу педагогтердің оқудағы қажеттіліктерін анықтауға және білім беру бағдарламасының тиімділігін бағалауға көмектеседі. Курс барысындағы педагогтердің белсенділігі критерий бойынша бағаланып, қорытынды тест өткізіледі. Шекті балдан асқан пән мұғалімдері сертификатталады.
Осыған орай Оралдағы «Өрлеуде» 15 тамыз күні 20 курс басталды. Оның ішінде Жаңақала, Бөрлі, Бәйтерек, Казталов аудандарында жылжымалы бірнеше курс ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Өрлеу»-БҚО базасында да қала және аудандардың пән мұғалімдеріне арналған курстар өтуде.
Пәндік құзыреттілікті арттыру барысындағы бірлескен жұмыстарға сәттілік тілейміз!


