ҚР Оқу-ағарту министрлігі әзірлеген «Педагог» кәсіби стандартының жаңа жобасы қазіргі уақытта кеңінен зерттеліп, педагогтер қауымы арасында талқылануда.
19 қазан күні Қызылорда облысы, Жалағаш ауданындағы №31 орта мектепте «Педагог» кәсіби стандартының жобасын талқылауға арналған дөңгелек үстел өткізілді. Аталған шараға мектептің пән мұғалімдері қатысты.
Дөңгелек үстелде «Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалының тренері Оразбай Орманов педагогтерге «Педагог» кәсіптік стандартының мазмұнын жан-жақты таныстырды. Атап айтқанда, «Педагог» кәсіби стандартының негізгі сипаттамаларына шолу жасап, ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының 2017 жылғы 8 маусымдағы №133 бұйрығымен бекітілген 2017 жылғы стандарт пен жаңа буын стандартының қолданылу салаларына, педагогтердің кәсіби құзіреттілік шеңберіне, біліктілік бойынша педагог құзыреттілігі санаттарының критерийлеріне, педагогтің қызмет бағыты бойынша білім, білік, дағдыларының айырмашылықтарына тоқталып өтті.
Талқылау барысында «Кәсіби педагог стандарты не үшін қажет?, Кәсіби стандарт педагогтің үздіксіз кәсіби дамуына қалай әсер етеді?, Кәсіби стандарт білім сапасына қалай әсер етуі мүмкін?» сынды мәселелер төңірегінде ой қозғалды. Дөңгелек үстел қорытындысында мектеп мұғалімдері жаңа стандарттың жобасына ұсыныстарын беріп, пікірлерімен бөлісті.

