Бүгін Мемлекет басшысы Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жолдады. Жолдауды Оралдағы «Өрлеу» қызметкерлері ұжым болып тыңдадық. Президенттің бұл Жолдауында жуық арада жүзеге асатын саяси реформалар мен әлеуметтік-экономикалық бағытта жүзеге асатын іс-шаралар туралы айтылды.
«Білім күнімен» қатар келген Жолдауында Мемлекет басшысы білім саласына енгізілетін өзгерістер туралы да айтып өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанды» құруда мектеп мұғалімдерінің шешуші рөл атқаратынына сенім білдірді. Соңғы жылдары бұл мамандықтың беделін арттыру мақсатында мемлекет тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылып келе жатқанын айта келе, әлі де оң өзгерістер қажет екенін ескертті.
Сонымен қатар педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредиттеудің жаңа стандартын қабылдап, мұғалімдердің құзыреттілігін арттыру жолдарын қарастыруға көңіл бөлуді тапсырды.
«Жаһандық ғылыми-техникалық прогресті ескере отырып, орта мектепте жаратылыстану-математика пәндерін және ағылшын тілін оқытуды күшейту маңызды», – деп атап өтті Президент.
«Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз», – деді Президент. Бұл қала және ауыл мектептері арасындағы айырмашылықты азайтуға әкелетінін және мектеп салу басты міндет екенін Үкімет пен әкімдіктерге баса айтты. Осындай маңызды мәселелерді қозғай отырып, шешу жолдарын қарастыруды Үкіметке тапсырды.
Жыл сайынғы жолдауда Мемлекет басшысының білім саласына көңіл бөліп, мұғалімдердің әлеуметтік жағдайына, жастардың болашағы мен шәкірттердің ертеңіне елеңдеп отыруы көңіл қуантады. Біз Оралдағы «Өрлеу» ұжымы Қасым-Жомарт Кемелұлының бүгінгі Жолдауын қолдаймыз және жүзеге асырылуына атсалысамыз.



