Оқу-ағарту министрлігі педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуын қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыс жасап келеді. «Педагог мәртебесі» туралы Заңға сәйкес, педагогтердің біліктілігін арттыру үш жылда кемінде бір рет жүргізіледі. Әр жыл сайын Қазақстандағы мұғалімдердің 33,3%-ы біліктілікті арттыру курстарынан өтеді.
«2025 жылдың басынан бері ел бойынша орта білім беру жүйесінің 91 мыңнан астам педагогі мемлекеттік бюджет есебінен біліктілікті арттыру курстарынан өткен. Бағдарламалар бастауыш сынып, қоғамдық-гуманитарлық, жаратылыстану-математикалық бағыттарындағы және дене шынықтыру пәні мұғалімдерін қамтиды. Сондай-ақ, педагогтер инклюзивті білім беру, көшбасшылық, инновациялар мен цифрлық құзыреттілік бағыттары бойынша да оқытылды», – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Қазақстандық педагогтердің жасанды интеллекті бойынша біліктілік арттыруға деген қызығушылығы өте жоғары. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы ЮНЕСКО-мен бірлесе отырып әзірлеген ақысыз онлайн курсқа 338 мыңнан астам мұғалім қатысып, оның 267 мыңға жуығы, яғни 79%-ы сертификат алды. Сонымен қатар, педагогтер 5 жыл сайын аттестаттаудан өтеді.

