Қазіргі заманғы әлем қарқынды өзгеріп, технологиялар дамып, ақпарат ғажайып жылдамдықпен жаңаруда. Мұндай жағдайда уақыттың талаптарына сай болу, үнемі дамып, өмір бойы білім алу аса маңызды. 2021 жылы 8 шілдеде Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен «Өмір бойы оқу (үздіксіз білім беру)» тұжырымдамасы бүгінде айрықша өзектілігін арттырды. Педагог тек қазіргі заманғы трендтермен бірге жүріп қана қоймай, өзгерістердің алды болып, оларды түсініп, білім беру процесінде инновациялық әдістерді белсенді түрде енгізуі тиіс.
«ӨРЛЕУ» БАҰО» АҚ оқытушылары өздерінің кәсіби деңгейлерін үнемі жетілдіріп, өзін-өзі дамытуға, жаңа білімдерді практикада қолдануға ұмтылуда. Бұл кәсіби өсуге деген ұмтылыс білім беру процесінде маңызды рөл атқарып, жаңа әдістер мен тәсілдерді енгізуге мүмкіндік береді.
Осындай қадамдардың бірі — 28 қаңтарда басталған, ЮНИСЕФ-пен ынтымақтастық аясында және Еуропалық Одақтың қолдауымен ұйымдастырылған үшкүндік «Ұрпақтар арасындағы әңгімелер» тренингі. Тренингті халықаралық сарапшы Дженифер Агбаир жүргізуде. Оған «Өрлеу»-Қарағанды филиалының оқытушылары — Майра Бахытовна Нұртазина мен Меруерт Алтынбековна Мұқушева қатысуда. Оларға жаңа әдістемені меңгеруде табыс тілейміз!
«Ұрпақтар арасындағы әңгімелер» әдістемесі педагогикалық тәжірибенің үздік үлгілерін және мәдени мұра элементтерін біріктіріп, оқушыларға өз елінің тарихына тереңірек үңіліп, оның құндылықтарымен эмоционалды байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Қазақстан — бұл бағдарламаны енгізіп жатқан жалғыз ел, ол жас ұрпақтың азаматтық санасын дамытуға және ұлттық бірегейлікті нығайтуға бағытталған.
Тренингке қатысу оқытушыларға жаңа әдіс-тәсілді білім беру процесіне енгізуге арналған құнды құралдар береді, бұл оқу ортасын инклюзивті, біріктірілген және тиімді етуге септігін тигізеді. Мұндай бастамалар арқасында «Өрлеу» оқытушылары өз біліктіліктерін арттырып, Қазақстанның болашақ ұрпағын қалыптастыруға үлес қосатын білімнің жетекшілері болып қала береді.




(1) Пікір
Пікірлер жабық.