Өрлеу Алматы облысы бойынша кәсіби даму институтының жоспарына сәйкес 2024 жылдың 1-9 ақпаны аралығында өтетін өзара тәжірибе алмасу мақсатында Институт тренерлері мен қызметкерлеріне арналған оқыту семинарлары басталды.
2024 жылдың 1 ақпанында Өрлеу Алматы облысы бойынша КДИ аға оқытушысы Нұрсауле Қылышбекова «Көркем шығармаларды оқытуды ұйымдастыру: әдебиет теориясы. Көркем шығармаларды оқытудың әдіс-тәсілдері, талдау, экстенсивті және интенсивті оқу» тақырыбында шебер-сынып өткізді. Коучингтің мақсаты – шығармаларды оқытудың әдіс-тәсілдері, талдау, экстенсивті және интенсивті оқу, әдебиет теориясы бойынша мағлұмат беру. Ал міндеттері – шығармаларды оқытудың, талдаудың әдіс-тәсілдерімен таныстыру және талдау тапсырмаларын орындау арқылы тәжірибе алмасу болып табылды.
Семинар легін Институт тренері Гаухар Таджибаева «Тыңдаушылар қажеттіліктерін қанағаттандыру мен саралау жұмыстары» тақырыбы бойынша жалғастырды. Семинар барысында тыңдаушылардың қажеттілігін анықтау әдістері мен оларды қанағаттандыру тәсілдері қарастырылды. Тренердің өз тәжірибесінде, яғни, курста қолданылатын рефлексия мұғалімнің және тренердің дамуына қандай әсері бар екендігі туралы талдау көрсетті. Рефлексивті ойланатын мұғалімді, оның ойлау деңгейін арттыру жолдары жан-жақты талқыланды.
2024 жылдың 2 ақпанында Институттың аға оқытушысы Ляззат Орманбекова «Сөйлеу мәдениеті және шешендік өнер» тақырыбында оқыту тренингін өткізді. Аталған тренингтің мақсаты – сөйлеу мәдениетін дамыту жұмыстарын ұйымдастыру жолдарын айқындау, сөйлеу мәдениеті және шешендік өнерді дәріптеу арқылы тіл мәдениетін арттыру. Іс-шара барысында қатысушылар сөйлеу мәдениеті бойынша тапсырмалар мен психологиялық нейрожаттығулар орындап, кері байланыс алды.
Семинарларға Алматы облысы бойынша кәсіби даму институты директорының оқу-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Хуршидам Масимова және «Әдіснама және педагогикалық инновация» кафедрасының меңгерушісі Меруерт Бисенбаева қатысты.







