XXI ғасыр дағдылары дегеніміз не? Бұл сұрақтың маңызын ашу үшін Кәсіби даму институты мектепке дейінгі және бастауыш сынып педагогтеріне арналған облыстық семинар жұмысын ұйымдастырды.
Семинарда XXI ғасыр дағдыларының маңызын ерте жастан бастап қалыптастырудың тиімді жолдары көрсетілді. Тараз қаласы, Байзақ, Жамбыл аудандарының бөбекжай-бақшаларының мектепке дейінгі ұйым педагогтері мақсатты ойын түрлерін тәжірибе жүзінде шебер көрсете білді. Мектеп жасына дейінгі баланың танымдық дағдысын қалыптастыруға негізделген ұсақ моторика ойындарын жүргізді.
Семинар барысында «Көңілді пойыз», «Теледидар», «Оюлы көрпеше», «Ойна да, ойлан!», жылдам оқудың тиімді жолдары, М.Монтессори дидактикалық материалдары, баланың зерттеу дағдыларын дамытуға бағытталған кемпірқосақ түстерін шығару, жаңбырдың пайда болуы мен жанартаудың атқылау процесін көрсетті.
Қосымша білім беру педагогтері мектепке дейінгі тәрбиеленушілердің дағдыларын қалыптастырудың сыныптан тыс жұмыстарымен таныстырып өтті. Б. Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясының, Жуалы ауданы Ш. Мұртаза атындағы мектебі және А. Бөкейханов атындағы №15 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімдері кең ауқымды дағдыларды дамытуға бағытталған тренингтер, шеберлік сыныптарын өткізді.