Қазір елімізде дүниежүзілік білім берудің жаңа жүйесіне бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Білім беру кеңістігінің басты мақсаты – әлемдік масштабтағы білім беру жүйесінен қалмай, озық Отандық жүйені қалыптастыру.
Стандарт талаптарына сәйкес балаларды дамыту мен тәрбиелеу үшін оқу материалдарын дайындауда инновациялық әдіс-тәсілдерді қолдану мектепке дейінгі ұйым қызметкерлерінің қызметін ұйымдастырудың, тәрбиешілердің педагогикалық шеберліктерін арттырудың жаңа жолдарын қарастырады.
«Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалының ұйымдастыруымен наурыз айының алғашқы аптасында «Дінасыл» жеке балабақшасында «Балабақшадағы кіріктірілген ойын процесі» тақырыбында облыстық оқыту семинары өткізілді.
Мектепке дейінгі ұйым тәрбиешілерінің шығармашылық және кәсіби жетілуін ынталандыру, ойын арқылы оқытуды қолдану бағытындағы педагогикалық іс-тәжірибемен алмасу мақсатында өткізілген семинар жұмысына 50-ге жуық тәрбиешілер қатысты.
Семинар барысында ұлттық құндылықтарды бала бойында дарыту мақсатында «Қазақ халқының салт-дәстүрлері», «Асар», «Сүйінші» және «Анаға көмек» тақырыбында кіріктірілген оқу іс-әрекеттері өткізілді. Сонымен бірге, хатха-йога, артикуляциялық жаттығулар, «Ойлай отырып, ойнайық» тақырыптарындағы тәрбиешілердің, педагог-психологтардың, музыка жетекшілерінің практикалық жұмыстары түрлі ойындар арқылы жүргізілді.
Семинар соңында қатысушыларға бірыңғай үлгідегі сертификат, үздік жұмыс көрсеткен педагогтерге Алғыс хаттар табыс етілді.




