«Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, тарих, география, биология, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, музыка пәндері мұғалімдеріне арналған біліктілік арттыру курстары өлкетану жұмыстарын ұйымдастыру және өткізу бағытында жүзеге асырылуда. Жас ұрпақтың бойында жоғары патриоттық сананы қалыптастыру, елі үшін мақтаныш сезімі, Отанның мүдделерін қорғау жөніндегі азаматтық борыш пен конституциялық міндеттерді орындауға деген дайындығын тәрбиелеуде өлкетану деректерін оқып-үйренудің маңызы зор. Өлкетану деректері арқылы патриоттық тәрбие беру мақсатын, мазмұнын, технологиясын нәтижеге бағдарланған білім беруге бағыттау аясында тарихи құжаттармен, жәдігерлермен жұмысты, білім беруде өлкетанушылық компонентті кіріктіру бүгінгі күні өзекті мәселе болып табылады. Осы мақсатта курс бағдарламасына сай «Білім алушылардың зияткерлік, рухани-адамгершілік және дене дамуын қамтамасыз ету үшін өлкетану жұмыстарын ұйымдастыру және өткізу» тақырыбындағы курс тыңдаушыларымен жоспарлы жұмыс, көшпелі тәжірибелік сабақ аясындағы кезекті шара Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану мұражайында жалғасын тапты.
Өлке тарихымен танысуда мұражай экспозицияларына экскурсиямен басталған сабақтың мақсаты – музей экспозицияларын пәнді оқыту мен оқуда пайдаланудың тиімді жолдарын айқындау.
Сабақ барысында курс тыңдаушылары мұражайдың «Кіріспе», «Өсімдіктер мен жануарлар дүниесі», «Қасиетті Қазақстан және археология», «Сыр өлкесінің әлеуметтік-экономикалық дамуы (ХV-ХХ ғғ.)», «Этнография», «Тәуелсіз Қазақстан» залдарымен танысты.
Өткен күн мен бүгінгі күннің тарихын жалғастырып, ұлттық кодымызға негіз бола алатын ұлттық құндылықтарымызды, ұлттық мінезіміз бен болмысымызды, халқымыздың төл тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрін сан қырынан танытатын экспонаттар мен жауһар жәдігерлерді, тұтас бір дәуірдің тарихын, этнографиясын ғасырдан-ғасырға жеткізіп отыратын мұражайға саяхат барысында курс тыңдаушылары білім ұйымдарының алдында эстетикалық талғамы зор, қоршаған ортадағы сұлулықты түсіне және қадірлей білетін, жаңа қоғамға бейімделген, жан-жақты дамыған заманауи тұлғаны қалыптастыру мәселелері тұрғанына көз жеткізді.