Әлемдік білім кеңістігіндегі білім алушылардың жетістіктері мен білім сапасындағы көрсеткіштердің тұрақтылығын сақтау, жоғары деңгейге көтеру бойынша елімізде 2024 жылдан бастап «Мақсатты мектеп» немесе «943 – елдегі мақсатты мектептерді дамыту» жобасы іске асырылуда.
Өрлеудің филиалдарында мақсатты мектеп педагогтерінің кәсіби құзыреттілігін, зерттеушілік, зияткерлік және шығармашылық деңгейін жетілдіруге бағытталған курстан кейінгі сүйемелдеу шаралары өткізіліп жатыр.
«Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалы мен Сырдария ауданы бойынша білім бөлімінің ұйымдастыруымен мақсатты мектеп педагогтерін әдістемелік сүйемелдеу мақсатында семинар-практикум өткізілді. Сырдария ауданындағы №147 орта мектепте өткізілген әдістемелік шараға №147, 174, 191, 44 мектептердің бастауыш сынып мұғалімдері және аудандық білім бөлімінің әдіскерлері қатысты.
Семинар жұмысы «Жақсы көңіл-күй – жанға қуат» тренингінен басталды. Мектеп педагогтері функционалдық сауаттылықты жүзеге асыруға бағытталған жұмыстар көрмесімен, ал білім алушылар өздерінің зерттеу жұмыстарымен таныстырды.
Әдістемелік семинардың практикалық бөлімі тәжірибе алмасу сабақтарымен, іс-тәжірибені бөлісу жұмыстарымен жалғасты. Филиалдың аға оқытушысы Ақманат Басанова республика көлемінде жоспарланған «Білім алушылардың математикалық сауаттылығын дамытуда «Ойлау» танымдық саласы бойынша тапсырмалар әзірлеу» тақырыбында практикум өткізді. Математикалық сауаттылық ұғымының мәнін аша отырып, оның қалыптасуы математикалық құзыреттіліктің даму деңгейлерімен (танымдық салалармен) сипатталатынына тоқталды. «Ойлау» танымдық саласының сипаттамаларымен таныстыра отырып, осы бағытта тапсырма құрастырудың үлгісін көрсетті. Мұғалімдер оқу мақсаттарын таңдай отырып, «Ойлау» танымдық саласының сипаттамаларына сәйкес тапсырмалар құрастырды. Өз жұмыстарын әріптестеріне ұсынып, тиімді кері байланыс алды. Семинар қатысушылардың рефлексиясымен, сауалнама толтырумен аяқталды. Сыр өңіріндегі білім беру ұйымдарының инновациялық қызметін əдістемелік тұрғыда қолдауға бағытталған әдістемелік шаралар ауқымы кеңейіп, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін дамыту жұмыстары жыл бойы жалғасатын болады.


