2 қаңтар күні Жаңақорған шипажайында Қызылорда облыстық Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің демеушілігімен мақсатты мектеп басшыларына арналған Тәжірибе алаңы өз жұмысын бастады. Аталмыш шараның ашылу салтанатында «Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалының өкілдері, қалалық, аудандық білім бөлімдерінің әдіскерлері мен 80-ге жуық мектеп басшылары бас қосты.
Алаңның ашылу салтанатында сөз алған Қызылорда облыстық кәсіподақ комитетінің төрайымы Гүлнар Есқалиева шығармашылықпен жұмыс жасайтын педагогтердің үздік әдістемелік тәжірибесін айқындау, педагогтердің өзара тәжірибе алмасуы мен шығармашылық қабілеттерін дамыту, білім сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға, білім беру саласындағы жетістіктерге кеңінен тоқталып, алаң жұмысына сәттілік тіледі.
Тәжірибе алаңының ашылу салтанатында қатысушыларға үш күндік жұмыс бағдарламасы таныстырылды. Сонымен қатар, түрлі бағыттар бойынша өткізілетін шеберлік сыныптары, конференциялар, кәсіби байқаулар, танымдық және спорттық сайыстар, сауық кештері, т.б. іс-шаралардың өткізілу форматы, сарапшылардың атқаратын міндеттері түсіндірілді. Алдағы күндері өтетін іс-шаралар алаңға қатысушылардың өзара тәжірибе алмасуына, педагогикалық идеяларын ұсынуына мүмкіндік бермек!



