Маңғыстау облысында «Жайлы мектеп» жобасы аясында жаңа мектеп ашылды.
Бүгін,13 қаңтарда, Ақтау қаласының 33-ші шағынауданында орналасқан №33 жалпы білім беретін мектептің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл мектеп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында іске қосылды.
Жаңа білім ошағы заманауи стандарттарға сай 66 пән кабинетімен, оның ішінде STEM-зертханалары, қыш өнері, визуалды дизайн, хореография сияқты шығармашылық бағыттарға арналған арнайы кабинеттермен толық жабдықталған. Мектепте бүгінде 825 оқушы білім алуда. Білім беру ұйымында қызмет ететін 68 педагогтің 7 -еуі ауысу тәртібімен жұмысқа келген.Мектепте ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін арнайы жабдықталған сенсорлық кабинет, логопед, дефектолог және психолог кабинеттері де бар.
Салтанатты іс-шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев, облыстық мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері, білім саласының мамандары және ата-аналар қатысты. Облыс әкімінің орынбасары жаңа мектептің ашылуымен құттықтап, мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» жобасының маңыздылығына тоқталды.– «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы елімізде сәтті жүзеге асуда. Әрбір бала сапалы білім алу үшін мектептер заманауи әрі ыңғайлы болуы қажет. Бұл – біздің болашағымыздың кепілі. Президентіміздің айтуынша, орта білім сапасын арттыру – ел болашағы үшін маңызды қадам, – деді Аббат Өрісбаев.
Сонымен қатар, биыл Маңғыстау облысында 13 жаңа мектеп ашылады. Оның ішінде Ақтау қаласының 17,19 және 33-ші шағын аудандарында, Мұнайлы ауданының Батыр ауылындағы Хазар шағын ауданында 4500 орындық 4 мектептің құрылысы аяқталды.

- 13 Янв
- 2025