Меркі ауданының мектепке дейінгі ұйым тәрбиешілері мен мектепалды тобының педагогтеріне арналған біліктілік арттыру курсы өткізілуде. Курс барысында мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың міндеттерін шешуде педагогтердің ойын және IT құзыреттіліктерін дамытуға бағытталған теориялық және тәжірибелік білім беріледі. Курс тыңдаушылары арнайы бағдарламалар арқылы мультфильмдер жасау жолдарын, мектеп жасына дейінгі балаларға арналған заманауи, сюжеттік, дидактикалық, ережелі ойындарды қолданудың тиімді әдістерін меңгереді. Жұмыс барысында педагогикалық процесті жоспарлау мен баланың графомоторлық дағдыларын дамытуға көмектесетін әдіс-тәсілдер қарастырылып, оны тәжірибеде қолдану жолдары таныстырылады. Балалардың жас ерекшелігіне, қызығушылығы мен қажеттілігін ескере отырып, алған білімді тиімді пайдалануға әдістемелік-тәжірибелік кеңестер берілуде.
