«Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалының ұйымдастыруымен «Мектепке дейінгі ұйымдардың пәндік-дамыту ортасын құруды және оны EСERS шкаласы арқылы бағалау мәселелеріне баса назар аудара отырып, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік онлайн семинар өткізілді.
Онлайн семинарға Өрлеу филиалдарының оқытушылары, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда облыстары, Астана қаласы, аймақ аудандары мен Қызылорда қаласынан 90-ға жуық мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтері қатысты.
Мектепке дейінгі білім беру ұйымындағы оқыту мен тәрбиелеу жұмысының нәтижелі болуының маңызды шарттарының бірі – заттық-дамытушы ортаны дұрыс ұйымдастыру болып табылады. Семинар жұмысы мектеп жасына дейінгі балалардың жан-жақты дамуын қамтамасыз ететін заттық-дамытушы ортаны ұйымдастырудағы жаңа тәсілдерді қарастыруға бағытталды.
Әдістемелік семинардың пленарлық тыңдалымында:
– мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту Моделін іске асыру;
– мектепке дейінгі ұйымдардың пәндік-дамыту ортасын құруды және оны EСERS шкаласы арқылы бағалау;
– мектепалды топтарында, ЕББҚ балалармен түзете-дамытуға бағытталған заттық дамытушы ортаны жабдықтау;
– балабақшада сапаны дамыту механизмі ретінде ECERS-3 шкаласын қолдану арқылы педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру;
– кітап бұрышын және мобильді кітапхананы ұйымдастыру;
– ойын әрекеті арқылы баланың әлеуметтік бейімделуі, интерактивті ойындардың маңызы тақырыптары бойынша үздік баяндамалар тыңдалып, тәжірибелік жұмыстар көрсетілді. Республикалық онлайн семинар қорытындысы бойынша ұсынымдар қабылданып, сұрақ-жауап арқылы пікір алмасу болды. Семинарға қатысқан барлық педагогтерге сертификаттар, үздік баяндамашыларға Алғыс хаттар берілді. Семинар жұмысының қорытындысы бойынша алдағы уақытта электронды жинақ шығарылады.

