«Павлодар дарыны» бос уақытты қамту және балалардың дарындылығын дамыту орталығының ұйымдастыруымен «Мектептегі аға тәлімгердің қызметі» атты семинар өтті. Оған қала мектептерінің аға тәлімгерлері қатысты. Іс-шара тәлімгерлердің қарым-қатынасын нығайту, бірлесіп ынтымақтастық жасау, ұжымдық-шығармашылық қызметті ұйымдастыру мақсатында жүзеге асырылды.

Семинардың қонағы ретінде Өрлеу-Павлодар филиалының оқытушысы Бағлангүл Каримова қатысты. Бағлангүл Түсіпқызы қазақ және орыс тілді мектептердің аға тәлімгерлері үшін ү.ж. тамыз айында өтетін «Білім беру ұйымдарында аға тәлімгерлердің кәсіби құзыреттілігін дамыту» атты педагогтердің біліктілігін арттыру курстарының мазмұны мен ерекшеліктері туралы айтып өтті. Қатысушылар курс жайындағы көкейіндегі сауалдарын қойып, спикерден толыққанды жауап алды.

Сондай-ақ, қатысушылар «Тәлімгер деген кім?», «Поддержка развития детского движения!», «Заманауи тәлімгер-заманауи балалар» сияты тақырыптарда сөз қозғап, бір-бірімен тәжірибе алмасты. Ұйымдастырушылар мектептен тыс уақытта қауіпсіздік техникасы ережелері бойынша, жазғы іс-шараларды өткізу кезінде қатысушылардың өмірі мен денсаулығының сақталуына жауапкершілік жүктеу туралы нұсқаулық өткізді.
Семинар соңында қатысушылар ағымдағы мәселелерді талқылап, 2023 жылға арналған жаппай жазғы іс-шаралар жоспары бойынша ұсыныстар мен идеялар енгізді.