Еліміздің әр өңірінде «Баршаға қолжетімді сапалы білім» атты Ұлттық баяндама негізінде енгізілген «Мақсатты мектептер» жобасы аясында «Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалының қолдауымен мақсатты мектеп педагогтеріне әдістемелік көмек беру жұмыстары жалғасуда.
Қызылорда облысы, Қармақшы ауданындағы №28, №106, №111 орта мектептерінде мұғалімдердің педагогикалық дағдыларын жетілдіруге, зерттеушілік қабілеттерін дамытуға және білім алушылардың оқу нәтижелерін жақсартуға бағытталған семинар-практикум өткізілді. Филиалдың аға оқытушысы Қарлығаш Есекеева мен аудандық білім бөлімінің әдіскері Шырын Нәукебаева пән мұғалімдерінің сабақтарына қатысты.
Іс-шара барысында орта білім беру ұйымдарында оқыту сапасын арттыруға, пән мұғалімдерінің пәндік және кәсіби құзыреттерін жақсартуға ерекше назар аударылды. Сонымен бірге, білім алушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту тұрғысынан орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының мазмұны, оқу мақсаттары мен күтілетін нәтижелері талданды. Сабаққа қатысу барысында педагогикалық үдеріс бақылауға алынып, талдау жүргізілді. Педагогтердің сабақ жоспарлары, оқу мақсаты, оқу материалының мазмұны бойынша әдістемелік кеңес, ұсыныстар берілді.
«Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалында педагогтің кәсіби шеберлігін, зерттеушілік, зияткерлік және шығармашылық деңгейін үздіксіз жетілдіруге бағытталған әдістемелік шаралар жыл бойы үздіксіз жалғасатын болады.


