Кәсіби даму институтында халықаралық «Болашақ» бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өткен оқытушылардың жетекшілігімен жүргізіліп жатқан іс-тәжірибені насихаттау, тарату мақсатында ү.ж. 30 мамырында Тараз қаласының №22 бөбекжай-бақшасында «Мектеп жасына дейінгі балалардың ойын қызметіндегі қазақ тілі»тақырыбында облыстық семинар өтті.
Семинар аясында Эстония тәжірибесіне негізделген мектеп жасына дейінгі балалардың сөйлеуін дамытудың тиімді технологиясы ретінде «Тілдік ортаға ену» әдістемесі бойынша іс-шаралар көрсетіліп, бекітілген жоспарға сай атқарылған жұмыстың нәтижесі қорытындыланды. Институттың аға оқытушысы Эльмира Мирзалиеваның жетекшілігімен «Тілдік ортаға ену» пилоттық жобасы арқылы «Тілдік ортаға енудің жасанды әдісі», «Бір, екі, үш, төрт, бес біз көңілді ойнаймыз» ойын әрекеті, «Мақта қыз және мысық» театрландырылған ойыны, «Әжеге қонаққа» ойын қызметі, «Ғажайып дорба» ойын қызметі, «Аю мен Маса» театрландырылған қойылымдары көрсетілді.
Семинарда мектеп жасына дейінгі балалардың ойын әрекетінде «Тілдік ортаға ену» әдісін қолданып, мемлекеттік тілді меңгертудің тиімді әдіс-тәсілдері, жұмыс түрлері, түпкі нәтижелері талқыланып, осы пилоттық жобаны жетілдіру, тарату ұсынылды.
