Бүгін Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Руслан Қаратабанов ҚР Оқу-ағарту министрлігі бастауыш/негізгі орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартын түсіндіру мақсатында «Өрлеу» филиалдарының директорларымен және Профессорлық-оқытушылық құраммен кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Білім беру стандарттарын өзектендіру – білім беру саласындағы заманауи үрдістерді, цифрландырудың, жасанды интеллекттің қарқынды дамуын ескеруге мүмкіндік беретін жалпы қабылданған әлемдік тәжірибе. Білім беру мазмұны оқушының жеке басын қалыптастыруда шешуші рөл атқаратын негізгі құндылықтарға бағытталған.
Академия вице-президенті Мемлекеттік стандарттың жалпы ережелері, білім мазмұнына байланысты қойылатын талаптар мен білім алушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптар, сондай-ақ білім алушылардың оқу жүктемесінің ең жоғары көлемі мен оқу мерзіміне қойылатын талаптарды зерделеп, айтып өтті.
Жобада оқытудағы құндылыққа бағдарланған тәсілге баса мән берілген. Білім берудің инклюзивті тәсілін арттыруға және МЖМБС тиімділігін бағалауға бағытталған бірнеше норма енгізіліп, «Әлеуметтік GPA» жаңа ұғымы да қосылды. Жаңа МЖМБС жобасында пәндер және сағаттар саны сақталады.
МЖМБС талаптары оқу жоспарларын, оқу бағдарламаларын, оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді әзірлеуде, педагогтердің біліктілігін арттыру курстары бағдарламаларының мазмұнын әзірлеуде, тәрбие жұмысын ұйымдастыруда, мектепішілік бақылау, педагогтерді аттестаттау, оқыту нәтижелерін бағалау, қорытынды аттестаттау және білім алушылардың білім жетістіктеріне мониторинг жүргізу кезінде міндетті болып табылады.
Қолданыстағы бұл жоба 2016 жылдан бастап кезең-кезеңмен енгізілген болатын. МЖМБС апробациясы 2025-2026 оқу жылында басталып, толық іске асыру 2026-2027 жылға жоспарланған. Бастауыш және орта білім беру сапасын арттыру, негізгі ережелерді өзектендіру мақсатында өткен жиында ұсыныстар мен пікірлер тыңдалып, әрі қарай жетілдірілетін болады.


