Бастауыш және орта білім беру сапасын арттыру мақсатында елімізде маңызды қадам жасалды. ҚР Оқу-ағарту министрлігі мемлекеттік жалпыға міндетті бастауыш және негізгі орта білім беру стандарттарының (МЖМБС) жобасын әзірлеуді аяқтап, оны педагогикалық қоғамдастықтармен, ата-аналармен, үкіметтік емес ұйымдармен және депутаттармен талқылады.
Жаңа жоба аясында пәндер мен сағаттар саны сақталды, бірақ мазмұндық компонент күшейтілді. Жобада оқытудағы құндылыққа бағдарланған тәсілге, көптілді оқытуға, білім берудің инклюзивті тәсіліне аса көңіл бөлінеді. “Әлеуметтік GPA” жаңа тұжырымдамасы енгізілді. Бұл көрсеткіш білімді академиялық бағалауға әсер етпейді, бірақ талап бойынша ұсыну үшін қажет, мысалы, шетелдік жоғары оқу орындарына түсу кезінде. Өзгерістерге негізделген негізгі принциптер академиялық еркіндік пен адалдық, академиялық білімді нығайту мақсатында функционалдық сауаттылық дағдыларын пәндік салаға біріктіру, білімнің қолжетімділігі және т.б.
Апробация 2025-2026 оқу жылынан басталып, толық іске асыру 2026-2027 жылдарға жоспарлануда.
Бүгін Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Руслан Қаратабанов онлайн форматта «Өрлеу» БАҰО АҚ-ның филиалдары қызметкерлеріне жаңа стандарттың негізгі ережелері туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Кездесуде қаралған маңызды тақырыптар:
- Стандарт жобасындағы өзгерістер мен толықтырулар;
- Білім беру мазмұнына қойылатын талаптар;
- Көптілділік және пәнаралық интеграция;
- Бастауыш білім берудің салалары мен бағалау жүйесі;
- Оқу нәтижелері мен стандарттарды іске асыру мониторингі
Талқылау соңында қатысушылар спикерге мазалаған сұрақтарын қойып, толыққанды жауаптар алды. Барлық ұсыныстар мен кері байланыстар назарға алынды.
Стандарттардың өзектендірілуі – білім беру саласындағы заманауи үрдістер мен цифрландыру, жасанды интеллекттің дамуын ескере отырып жасалған. Бұл әлемдік тәжірибеге негізделген қадам болып табылады.








