Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Бейсембаев Ғани Бектайұлы Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша Кәсіби даму институтының қызметкерлерімен кездесу өткізді.
Аталмыш шараға облыс әкімінің орынбасары Салемов Серік Жақсылықұлы және «Өрлеу» БАҰО» АҚ Басқарма төрайымы Шилибекова Айдана Сенбекқызы, Жамбыл облысы бойынша сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысы Нысанбаев Мұхит Аманқұлұлы қатысты.
Кездесу барысында Бас ұстаз Ғани Бектайұлы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың білім саласын дамытуға байланысты берген тапсырмалары мен Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы міндеттерді жүзеге асыруда атқарылып жатқан жұмыстар туралы ой-пікір бөлісті.
«Бүгінгі талап-«сапа» мен «баланың өмір қауіпсіздігі», сондықтан барлық сала қызметкерлері осы бағытта жаңаша мазмұнда сапалы жұмыс атқаруы қажет»,-деген Министрдің пікірі-қоғамдағы ең өзекті мәселе.
Осы бағытта нақты жұмыс ауқымын айқындап, Жамбыл облысы бойынша сапаны қамтамасыз ету департаменті, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы, облыстық оқу-әдістемелік орталық қызметкерлері өңірдің білім саласын дамыту мен педагогтердің кәсіби деңгейін арттыру, білім ұйымдарының жұмысын жақсартуда бірлесе атсалысуы аса маңызды екендігіне тоқталды.
Педагогтер қауымының кәсіби ізденісі мен біліктілігін арттыруға үлес қосып жүрген «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалдарының қызметін трансформациялау арқылы сапаны қамтамасыз ету мен ұйым басшыларын мықты менеджменттер санатына көтерудің маңыздылығын түсіндірді. Сәт сайын өзгеріске түсетін жаһандану жағдайында жаңашылдық пен заманауи әдіс-тәсілдерді меңгертуге, сол арқылы зиялы ұлт қалыптастыруға бағытталған бірлескен жұмыстарды көбірек өткізудің маңыздылығына сендірді.
Сапаны қамтамасыз ету мен педагогтер қауымының әлеуетін арттыру, әдістемелік қолдау көрсету мақсатында енгізілген ауқымды жоба-«Мақсатты мектептерді дамыту» жобасы бойынша да келелі ойлар, ұтымды ұсыныс-пікірлер айтылды. Институт директорының м.а. Ш.М.Тайганбекова, аға оқытушы Л.Ш.Утеулиева Ғани Бектайұлының сауалдарына орай, өз пікірлерімен бөлісіп, Институт тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
